Зерттеу барысында міндетті салықтар мен төлемдер ұсталғаннан кейінгі орташа жалақы көлемі негізге алынған.
CEOWORLD тәуелсіз аналитикалық онлайн-басылымының зерттеуіне сәйкес, Қазақстан орташа айлық жалақы деңгейі бойынша әлемдік рейтингте 77-орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз ТМД-ның көптеген мемлекеттерін, сондай-ақ Үндістанды, Грузияны, Молдованы, Украинаны, Монаконы, Индонезияны және Түркияны басып озған.
Зерттеу барысында міндетті салықтар мен төлемдер ұсталғаннан кейінгі орташа жалақы көлемі негізге алынған. Рейтингке әлемнің 197 мемлекеті енгізілген.
Ең жоғары жалақы төленетін елдер
2025 жылы міндетті салықтар шегерілгеннен кейінгі ең жоғары орташа айлық жалақы Швейцарияда тіркелген. Бұл елде ресми жұмыспен қамтылған азаматтардың орташа табысы айына 8218 АҚШ долларын немесе 4 021 807 теңгені құраған.
Бұл көрсеткіш бойынша екінші орында Люксембург орналасқан. Ондағы орташа айлық жалақы – 6740 доллар (3 298 488 теңге). Үздік үштікті АҚШ түйіндеп, орташа жалақы көлемі 6562 долларды (3 211 377 теңге) құраған.
Сондай-ақ ең жоғары жалақы төленетін алғашқы он елдің қатарына Исландия, Норвегия, Дания, Канада, Ирландия, Нидерланд және Сингапур кірді.
ТМД елдеріндегі жалақы деңгейі
ТМД елдері арасында және әлемдік рейтингте 32-орында Ресей көш бастады. Бұл елде 2025 жылы орташа айлық таза жалақы 2266 долларды немесе 1 108 957 теңгені құраған.
Қазақстан ТМД бойынша екінші орынға жайғасты. Елімізде міндетті төлемдер ұсталғаннан кейінгі орташа айлық жалақы 780 доллар немесе 381 742 теңге деңгейінде болған.
ТМД елдері арасындағы өзге көрсеткіштер:
- Беларусь – 728 доллар (әлемде 83-орын);
- Армения – 648 доллар (89-орын);
- Әзербайжан – 601 доллар (97-орын);
- Өзбекстан – 458 доллар (117-орын);
- Қырғызстан – 335 доллар (132-орын);
- Тәжікстан – 276 доллар (138-орын).
Ең төмен жалақы төленетін елдер
Әлемдегі ең төмен орташа айлық жалақы Палестинада тіркелген. Бұл елде тұрғындардың орташа табысы айына небәрі 104 долларды немесе 50 896 теңгені құрайды.
Палестинадан кейін жалақы деңгейі ең төмен елдердің қатарына Лесото (131 доллар), Ангола (134 доллар), Малави (138 доллар), Мали (141 доллар), Солтүстік Корея (144 доллар) және Мавритания (148 доллар) енген.
Зерттеу нәтижесі Қазақстанның ТМД кеңістігіндегі жалақы деңгейі жоғары елдердің бірі болып қала беретінін көрсетті.


