Трансшекаралық су ресурстарын қорғау және оларды ұтымды пайдалану мәселесі Су ресурстары және ирригация министрлігінің қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі және елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық маңызға ие.
ERNUR.KZ. Қазақстанда 8 су шаруашылығы бассейні бар, олардың жетеуі көршілес мемлекеттермен шектеседі. Жалпы алғанда, осы 7 су шаруашылығы бассейнінде су ресурстары Қытай Халық Республикасымен, Ресей Федерациясымен, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерімен бірлесіп қалыптасатын және пайдаланылатын 58 трансшекаралық өзен бар. Трансшекаралық су ресурстарын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзара іс-қимыл қолданыстағы үкіметаралық келісімдер негізінде жүзеге асырылады. Бұл туралы ҚР су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның айтуынша, аталған келісімдерді іске асыру мақсатында бірлескен комиссиялар мен жұмыс топтары қызмет етеді, олардың аясында су ресурстарын бөлу, су пайдалану режимдерін келісу және гидрологиялық ақпарат алмасу мәселелері қарастырылады.
«Министрліктің қызметіндегі басым бағыттардың бірі – трансшекаралық су ресурстарын қорғау және пайдалану саласында халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Қазақстан Республикасы трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы Конвенцияның (Хельсинки конвенциясы), сондай-ақ халықаралық су ағындарын кеме қатынасына жатпайтын мақсаттарда пайдалану құқығы туралы Конвенцияның белсенді қатысушысы болып табылады. Осы халықаралық шарттарға қатысу Қазақстанның су ресурстарын орнықты және ұтымды пайдалану, су экожүйелерін қорғау қағидаттарына, сондай-ақ көршілес мемлекеттермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға берік ұстанымын көрсетеді», – деді спикер.
Қазақстан Хельсинки конвенциясының ережелерін іске асыру аясында БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясымен белсенді түрде өзара іс-қимыл жасайды және Конвенция Бюросының құрамында ұсынылған. Бұл Қазақстанның трансшекаралық су ынтымақтастығы саласында халықаралық күн тәртібін қалыптастыру мен шешімдер қабылдаудағы жетекші рөлін айқын көрсетеді. Орталық Азия өңірінде Қазақстан Республикасы Хельсинки конвенциясының нормаларын практикалық тұрғыда іске асыру мен ілгерілетудің негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде танылып, су ресурстарын басқаруда жүйелі әрі дәйекті тәсілді көрсетіп келеді.


