Бүгінгі таңда Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания, Грузия және Ресей сияқты сегіз елдің серіктестерімен 50-ден астам меморандум жасалды.
ERNUR.KZ. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін интернационалдандыру стратегиясы аясында Қазақстанда кадрларды даярлау сапасын арттыру, және отандық колледждерді жаһандық білім беру кеңестігіне енгізуге бағытталған 10 негізгі халықаралық бастама жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Бүгінгі таңда Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания, Грузия және Ресей сияқты сегіз елдің серіктестерімен 50-ден астам меморандум жасалды. Халықаралық жобаларға Алматы, Астана, Шымкент, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл және Маңғыстау облыстарынан 20-дан астам колледж қатысуда.
Ең көп келісімдер Қытай Халық Республикасымен жасалған. Ынтымақтастық аясында Қазақстан-Қытай кәсіби колледжі құрылатын болады. Сондай-ақ балалар мен жастарға арналған инновациялық білім беру шешімдерін әзірлеуге маманданған KidsGo Technology Ltd технологиялық компаниясымен әріптестік басталды.
«Бұл бастамалар – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жаңғыртудың маңызды қадамы. Олар халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, озық білім беру технологияларын енгізуге және қазақстандық түлектердің жаһандық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді», — деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Асет Мұханбетов.