Қазақстан полициясы Украинадағы call-орталықты жоюға атсалысты

0
138

Тәркіленген құрылғылардан қазақстандық байланыс операторларының абоненттік деректері бар базалар табылды.


Қазақстан полициясы Украинадағы call-орталықты жоюға атсалысты

фото: AFP 2024 / Sebastian Kahnert / POOL

ERNUR.KZ. Киевте 4,5 мыңнан астам шетел азаматын, оның ішінде Қазақстан азаматтарын алдаған трансұлттық call-орталық жойылды, деп жазады sputnik.kz.
Ауқымды арнайы операцияны Қазақстан мен Украинаның күш құрылымдары жүргізді.
"Ұзақ мерзімді жедел іздестіру жұмыстары барысында Украина аумағында әрекет еткен және жалған онлайн-брокерлер арқылы инвестицияны "қайтарып беру" схемасына маманданған трансұлттық қылмыстық топтың ұйымдастырушылары мен белсенді мүшелері анықталды", - деп жазылған хабарламада.
Алаяқтар Қазақстан, Еуропалық Одақ және ТМД елдерінің азаматтарына қоңырау шалып, өздерін заңгер ретінде таныстырып, жоғалған қаражатты қайтаруға көмектесеміз деп уәде берген.
Олар әлеуметтік инженерия әдістерін қолданып, жалған құжаттар жіберіп, "сот" немесе "салық органдары" атынан хабарласып, бет-әлпетін жасыру үшін deepfake технологияларын пайдаланған.
Жәбірленушілерді "комиссия", "сот шығыны" немесе "салық" төлеу қажет деп сендірген, ал кейбір жағдайларда несие алуға немесе мүлкін сатып, кезекті "төлемді" жасауға көндірген.
"Алдын ала мәлімет бойынша 4,5 мыңнан астам шетел азаматы зардап шеккен, оның ішінде Қазақстан азаматтары да бар. Келтірілген шығын көлемі 4 млн АҚШ долларынан асады", - дейді полиция.
Заңсыз табыстар элиталық жылжымайтын мүлікке, қала маңындағы жер телімдеріне және қымбат автокөліктерге жұмсалған. Ішкі тәртіпті сақтау үшін сыйақы жүйесі енгізілген: операторлар алаяқтық жолмен алынған әрбір сома үшін пайыз алып отырған.
Call-орталықта шамамен 30 адам "жұмыс істеген".
"11 мекенжай мен call-орталықтың өзінде жүргізілген тінтулер барысында 41 компьютерлік техника, 24 ұялы телефон, sim-карталар және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Тәркіленген құрылғыларда қазақстандық байланыс операторларының абоненттік деректері бар базалар табылды", - деді ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Өскембаев.
Оның айтуынша бұл қылмыстық әрекеттің нысаналы түрде жүргізілгенін дәлелдейді.
Арнайы операция нәтижесінде 15 Украина азаматы ұсталды, олардың 9-ы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазақстан полициясының көмегімен украин тарапы қосымша эпизодтарды, қылмысқа қатысы бар басқа тұлғаларды және келтірілген нақты шығын көлемін анықтауға бағытталған тергеу шараларын жалғастыруда.