Қазақстанда орман өсіру, ормандарды қалпына келтіру және көміртекті сіңіру көлемін арттыруға бағытталған жобаларды іске асыру үшін ауқымды әлеует бар.
Фото: Kazinform/ЖИ
ERNUR.KZ. Астанада Париж келісімі аясында Қазақстанда көміртегі жобаларын дамытуға арналған екі күндік іс-шара өтуде. Оған мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, бизнестің өкілдері, жобаларды әзірлеушілер мен сарапшылар қатысады.
Қазақстанда орман өсіру, ормандарды қалпына келтіру және көміртекті сіңіру көлемін арттыруға бағытталған жобаларды іске асыру үшін ауқымды әлеует бар. Бұл бағыт экологиялық міндеттерді шешумен қатар, жеке және халықаралық қаржыландыруды тартуға мүмкіндік беретін перспективалы салалардың бірі ретінде қарастырылуда.
Халықаралық тәжірибе орман өсіру, деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру және ормандарды сақтау жобаларына жеке және халықаралық капиталды тартуға болатынын көрсетеді. Қазақстанда да парниктік газдар шығарындыларын қысқартуға және оларды табиғи жолмен сіңіру көлемін ұлғайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қажетті заңнамалық негіз қалыптасқан.
Қазіргі уақытта бизнес-қоғамдастық үшін орман өсіру, ормандарды қалпына келтіру және көміртекті сіңіру жобаларын жүзеге асыруға болатын аумақтар мен табиғи жағдайлар ұсынылуда.
4,9 млн гектар — орман өсіруге арналған әлеует
Қазақстандағы негізгі бағыттардың бірі — мемлекеттік орман қорының жерлерін тиімді пайдалану. Ел бойынша мемлекеттік орман қоры аумағында орманмен көмкерілмеген шамамен 4,9 млн гектар жер бар. Бұл аумақтарда орман отырғызу және жаңа екпелер қалыптастыру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бар.
Перспективалы нысандардың қатарында «Семей орманы» және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттары қарастырылуда. Сонымен бірге Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында да орман-климаттық жобаларды жүзеге асыру үшін елеулі әлеует бар.
Жол бойындағы жасыл белдеулер
Екінші перспективалы бағыт — автомобиль және теміржолдардың бойында орман екпелерін қалыптастыру. Мұндай жобалардың маңызы тек көміртекті сіңірумен шектелмейді. Жасыл екпелер желдің әсерін азайтуға, топырақты бекітуге және табиғи ортаның тұрақтылығын арттыруға ықпал ете алады.
Шөлейт және деградацияға ұшыраған жерлерге ерекше назар
Қазақстан үшін тағы бір маңызды бағыт — шөлейт және деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру. Осы санаттағы перспективалы аумақтардың бірі ретінде Жамбыл облысының Мойынқұм ауданы ұсынылуда.
Учаскелер мен ағаш-бұта түрлері табиғи жағдайларға сай дұрыс таңдалған жағдайда, орман-климаттық жобалар бір мезгілде бірнеше міндетті шешуге мүмкіндік береді: атмосферадағы көміртекті сіңіру, жылжымалы топырақты бекіту, жел эрозиясын азайту және деградацияға ұшыраған экожүйелерді кезең-кезеңімен қалпына келтіру.
Шағын пилоттық жобадан жүздеген мың гектарға дейін
Қазақстанның басты артықшылықтарының бірі — ұсынылатын аумақтардың әртүрлілігі. Мемлекеттік орман қорының жерлері, автомобиль және теміржол дәліздерінің маңындағы аумақтар, шөлейт және деградацияланған жерлер орман-климаттық жобалардың кең портфелін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Соның нәтижесінде шағын пилоттық жобалардан бастап, ауданы ондаған және жүздеген мың гектарды қамтитын ірі инвестициялық бастамаларға дейін жүзеге асыруға жағдай бар. Бұл ретте Қазақстан орманшыларының түрлі табиғи-климаттық аймақтарда орман екпелерін өсіру бойынша мол тәжірибесі қалыптасқан. Сонымен қатар мұндай жобаларды бейінді ғылыми ұйымдар тарапынан ғылыми сүйемелдеу мүмкіндігі бар.
Экология мен инвестицияны ұштастыратын бағыт
Орман-климаттық жобалар Қазақстан үшін бір мезгілде бірнеше стратегиялық міндетті шешуге мүмкіндік береді. Бір жағынан, олар орман алқаптарын ұлғайтуға, деградацияланған жерлерді қалпына келтіруге және экожүйелердің тұрақтылығын арттыруға бағытталса, екінші жағынан, парниктік газдарды сіңіру көлемін арттыру арқылы климаттық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етеді. Қазақстанда мұндай жобаларды әртүрлі табиғи аймақтарда және түрлі көлемде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жер ресурстары, практикалық тәжірибе және ғылыми әлеует бар.


