Қазақстан халқы қартайып барады

0
166

​Ресейде бұл көрсеткіш 41,9 жас, яғни халық құрылымы едәуір егде.


Қазақстан халқы қартайып барады

Фото: ЖИ

ERNUR.KZ. The World FactBook дерегінше, Қазақстан халқы 31,9 жас медиандық жаспен әлем елдері рейтингінде 109-орынға жайғасты. Бұл көрсеткіш Парагвай, Малайзия және Мальдив аралдары деңгейімен шамалас, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Медаиндық жас дегеніміз - халықты жасына қарай өсу ретімен орналастырғанда, оның жартысы осы жастан кіші, ал жартысы осы жастан үлкен болатын адамның жасы.

Орталық Азия бойынша Қазақстан халқының жас құрылымы ең «үлкені» болып есептеледі. Мәселен, Түрікменстанда медиандық жас – 31,2 жас, Өзбекстанда – 28,9 жас, Қырғызстанда – 28,3 жас, ал Тәжікстанда – небәрі 22,8 жыл. Сарапшылар мұны елдегі туу деңгейінің төмендеуі және өмір сүру ұзақтығымен байланыстырады.

Мамандардың пікірінше, Қазақстанда халықтың жасы біртіндеп ұлғайып, еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың үлесі азайып келеді. Ал қарт адамдардың саны керісінше өсіп жатыр. Бұл үрдіс алдағы жылдары елдің экономикасына әсер етуі мүмкін, өйткені жұмыс істей алатын халықтың әлеуеті бар, бірақ ол кезең біртіндеп аяқталып келеді.

Өмір сүру ұзақтығы – 73,3 жыл

The World FactBook дерегінше, 2024 жылы дүниежүзі бойынша орташа өмір сүру ұзақтығы – 73,4 жыл болды. Ең жоғары көрсеткіштер Монакода, Сингапурда және Жапонияда тіркелген.

Қазақстан бұл тізімде 73,3 жыл көрсеткішпен 151-орынға ие. Бұл Гондурас және Солтүстік Корея деңгейімен шамалас. Жақын елдермен салыстырғанда, Қазақстан Өзбекстаннан кейін екінші орында тұр. Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Ресейде өмір сүру ұзақтығы 72 жыл шамасында.

Әйелдер ерлерге қарағанда 9 жылға ұзақ өмір сүреді

Дүниежүзінде әйелдердің өмір жасы ерлерге қарағанда орта есеппен 5 жылға ұзақ болса, Қазақстанда бұл айырмашылық әлдеқайда жоғары. 2024 жылы елде әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 77,9 жыл, ал ерлерде 69 жыл болды.

Ұқсас жағдай Қырғызстанда байқалса, Өзбекстанда 5,4 жыл және Тәжікстанда 3,7 жыл тіркелген.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылы қайтыс болған ерлердің саны әйелдерден 21,2%-ға көп болған. 2025 жылдың алғашқы жартысында бұл айырма 20% болды.

Қазақстан халқының жасы біртіндеп ұлғайып, ел «жас мемлекеттен» орта жастағы қоғамға айналып келеді. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары туу көрсеткіші төмендеп, өмір сүру ұзақтығы артқан сайын, елдің демографиялық құрылымы түбегейлі өзгеруі мүмкін.