Қазақстан Қашағандағы мұнай алпауыттарын 10,7 млрд долларлық жемқорлыққа қатысы бар деп айыптады

0
76


Қазақстан Қашағандағы мұнай алпауыттарын 10,7 млрд долларлық жемқорлыққа қатысы бар деп айыптады

Ulysmedia.kz коллажы

ERNUR.KZ. Қазақстан Қашағанда жұмыс істейтін халықаралық мұнай компанияларына жаңа талап қойды. ICIJ мәліметінше, билік жалпы құны шамамен 10,7 млрд доллар болатын бірқатар келісімшарт заң бұза отырып жасалған болуы мүмкін деп санайды. Олардың қатарында мүдделер қақтығысы, бағаны негізсіз көтеру және пара беру ықтималдығы бар, деп жазады Ulysmedia.kz.

Талаптар – 160 млрд долларлық даудың бір бөлігі

Бұл айыптаулар Қазақстан мен Қашаған операторы North Caspian Operating Company арасындағы жабық халықаралық арбитраж аясында қаралып жатыр.

NCOC құрамына Shell, ExxonMobil, Eni, TotalEnergies, CNPC және Inpex кіреді.

Қазақстанның осы дау бойынша жалпы талабы шамамен 160 млрд долларға бағаланады. Болжамды жемқорлықтан бөлек, ел айырылған пайда мен экологиялық залал үшін де өтем талап етіп отыр.

Арбитраждық алқа даудың жемқорлыққа қатысты бөлігі бойынша әзірге шешім шығарған жоқ.

NCOC ICIJ-ге өз әрекеттері келісімшарттарға, Қазақстан заңнамасына және сала талаптарына сай болғанын мәлімдеді. Іс жабық қаралып жатқандықтан, компания қосымша түсініктеме беруден бас тартқан.

Қазақстан жемқорлықты Қашағанның кеш іске қосылуымен байланыстырады

Қашаған кен орны толыққанды жұмысын 2000-жылдардың ортасында бастауға тиіс еді. Алайда өнеркәсіптік мұнай өндіру тек 2016 жылы қолға алынды.

Жоба әуел бастан техникалық жағынан өте күрделі болды. Қабаттағы қысымның жоғарылығы, күкірттің көп болуы, Каспийдегі ауыр табиғи жағдай және қыстағы мұз жұмысты қиындатты.

Алайда Қазақстан енді мәселе тек техникалық қиындықтарда болмағанын алға тартып отыр.

Үкіметтің нұсқасы бойынша, кешігудің бір бөлігі ірі келісімшарттардың қалай бөлінгеніне және жобаның кейін қалай басқарылғанына байланысты болуы мүмкін.

Билік осының салдарынан толық көлемдегі өндіру кеш басталып, мемлекет үшін тиімдірек пайда бөлу кезеңі де кейінге шегерілді деп есептейді.

Еске салайық, 21 шілдеде Қазақстан билігі NCOC-тың ел ішіндегі активтерін, соның ішінде мүлкі мен көлігін бұғаттаған еді. Бұл шамамен 5 млрд доллар көлеміндегі экологиялық айыппұлға байланысты.