Елде туберкулездің алдын алу және емдеу жұмыстары жалғасуда.
ERNUR.KZ. Қазақстанда бұл дертті емдеу, диагностикалау тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін жүргізіледі. Туберкулезге шалдыққан науқастарға инъекциялық препараттарды қолданбай тиімді емдеу режимдеріне толық қолжетімділік қамтамасыз етілді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ДСМ бас штаттан тыс фтизиатр-дәрігері, ҚР ДСМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов мәлімдеді.
Қолданыстағы негізгі құралдардың бірі БЦЖ вакцинациясы болып қала береді. Халықаралық стандарттар мен мәліметтерге сәйкес, 5-6 жас аралығындағы ревакцинация тоқтатылды. Бүгінде екпе тек бала туғаннан кейін бір рет салынады. Былтырғы және ағымдағы жылдың алғашқы 6 айының қорытындысы бойынша жаңа туған нәрестелердің 97%-дан астамы БЦЖ вакцинасын алды.
«Вакцина аурудың күрделі, кең таралған түрлерін болдырмауға мүмкіндік береді. Егер, мысалы, бала ауырып қалса, онда ауру жеңілірек болады. Мен азаматтарымызды балаларын вакциналауға және оларды туберкулезден қорғауға шақырамын», – деді Мәлік Әденов.
Спикердің айтуынша, қазіргі заманғы тәсілдер туберкулезді емдеуде де қолданылады. Бұл әдістер дерттің көп дәріге төзімді түрлеріне де қатысты. Емдеу мерзімдерін 24 айдан 9-12 айға дейін қысқартуға болады. Тиімділігі 90%-дан асатын дәрі-дәрмек түрлері жиі қолданыла бастады. Дәрігердің айтуынша, бұл пациенттер үшін де, медициналық қызметкерлер үшін де ыңғайлы.
«Профилактикалық емдеуге ерекше назар аударылады. Ол адамда туберкулездің белсенді түрі және клиникалық көріністері болмаған кезде тағайындалады, бірақ ғзада туберкулез микобактериялары болады. Аурудың асқынуына жол бермеу үшін профилактикалық курстар жүргізіледі. Заманауи емдеу режимдері бар болғаны 1-3 айда тиімді профилактикадан өтуге мүмкіндік береді», – деді Мәлік Әденов.
Сондай-ақ ол жыл сайын азаматтардың – ересектердің де, профилактикалық емдеуден өтіп жатқан балалардың да саны артып келе жатқанын атап өтті.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 13 мыңға жуық адам профилактикалық ем алды, олардың 56%-ы балалар. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында 8 633 азамат ем алды. Кешенді шаралардың арқасында туберкулездің барлық түрінің 90%-дан астамы бүгінде толық емделуде. Қазіргі таңда азаматтардың сауығу деңгейі 86,4% құрайды.
Сонымен қатар елімізде «Претоманид» жаңа препаратын қолдану бойынша пилоттық жоба іске асырылып жатыр. Спикердің айтуынша, оны қолдану арқылы туберкулездің дәріге төзімді түрлерін емдеу небәрі 6 айға созылуы мүмкін – бұл ең аз мерзім және әлемдік деңгейде танылған терапияның ең тиімді әдістерінің бірі.