Биыл елімізде араға 18 жыл салып ауыл шаруашылығы санағы өтеді.
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform
ERNUR.KZ. «Ауыл» партиясының басты мақсаты — елді аграрлық державаға айналдыру. Бұл туралы партия төрағасы, Мәжілістегі аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев «Ауыл» партиясының 25 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияда айтты, деп жазады inform.kz.
− Ауыл мен аграрлық секторды дамыту — біздің қызметіміздің басты бағыты болып қала береді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ойластырылмаған жаппай жекешелендіру әлеуметтік және экономикалық күйзелістерге алып келді және аграрлық саланы да қамтыды. Тиімсіз реформалар салдарынан Қазақстан картасынан 1,5 мыңнан астам ауыл жойылып кетті. Ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың қалаларға жаппай көшуі күшейіп отыр. Қазір ауылда халықтың 37%-дан аз бөлігі тұрады, өкінішке қарай, бұл үрдіс артып келеді. Ал 90-жылдардың басында ауыл тұрғындарының үлесі 60%-дан асатын, − деді Серік Егізбаев.
Партия төрағасы Қазақстанның бұрынғыдай аграрлық елге айналуы керектігін баса айтты. Бұл ұстаным ел Президентінің стратегиялық бағытымен толық сәйкеседі.
Еске салсақ, биыл елімізде араға 18 жыл салып ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Санақтың негізгі кезеңі 1 тамыз бен 20 қазан аралығын қамтиды. Ол онлайн және офлайн кезеңдерге бөлінеді. Ең алдымен 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz. сайтында онлайн-сауалнама жүргізіледі.