Бұл - мемлекеттік тіліміздің жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіне ықпалдасуының маңызды қадамы.
фото:Sputnik / Абзал Калиев
ERNUR.KZ. Азиаттық-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасында (APLO-2026) қазақ тілі алғаш рет халықаралық пәндік олимпиаданың жұмыс тілі ретінде қолданылды, деп жазады sputnik.kz.
Олимпиада кезінде тапсырмалар мен олардың ресми шешімдері ұйымдастырушылардың платформасында қазақ тілінде жарияланды.
"Осылайша, қазақ тілінің халықаралық академиялық коммуникация құралы ретіндегі әлеуеті іс жүзінде дәлелденді. Бұл - мемлекеттік тіліміздің жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіне ықпалдасуының маңызды қадамы", - дейді министрлік мамандары.
Биылғы APLO-2026 олимпиадасына Қазақстан, Қытай , Жапония, Малайзия, Корея Республикасы, Сингапур және Таиландтан 300-ге жуық дарынды оқушы қатысты. Зияткерлік жарыс дарынды жастарды анықтауға және оларды Халықаралық лингвистикалық олимпиадаға даярлауға бағытталған.
Қазақстан құрамасы бұл олимпиадаға үшінші рет қатысып отыр. Биыл ел намысын 8 оқушы қорғап, 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, төртеуі құрмет грамотасымен марапатталды.
Алтын медальді Орал қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Шыңғыс Қарасаев жеңіп алса, күміс жүлдені Астанадағы жаратылыстану-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әмірбек Азатбеков иеленді. Ал Ақтау қаласындағы мамандандырылған IT-лицейінің 11-сынып оқушысы Рамазан Бутантаев пен Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы Абай атындағы мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Кирилл Тұрғымбаев қола медаль иегері атанды.


