Қазақстан аумағындағы жағалау сызығы кей жерлерде 30-35 шақырымға дейін шегінгені анықталды.
Фото: gov.kz
ERNUR.KZ. Каспий теңізі соңғы 18 жылда 36 мың шаршы шақырымға тарылып, су деңгейі айтарлықтай төмендеді, деп жазады inbusiness.kz.
Қазгидрометтің дерегінше, 2025 жылдың қыркүйегінде теңіздің орташа деңгейі 29,31 метрді құрады. Солтүстік-шығыс бөлікте – 29,15 метр, шығыс бөлікте – 29,46 метр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда тиісінше 20 және 17 сантиметр төмендеу.
2006 жылдан бері теңіз бетінің ауданы 392,3 мың шаршы шақырымнан 355,7 мыңға дейін азайған. Қазақстандық бөлікте су деңгейінің төмендеуі – 2,13 метр.
Мамандар ең осал аймақ ретінде Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігін, Жайық атырауын және Маңғыстау жағалауын атап отыр. Су тартылғаны соншалық, Қаражанбас пен Бозашы маңындағы кейбір балық аулау орындары мүлде құрғаған. Жергілікті тұрғындар мен балықшылар теңіздің тайыздануы күнкөріске тікелей әсер етіп жатқанын айтады.
Экологтар Каспийдегі жағдайды Арал апатымен салыстырып отыр. ECOJER өкілі Әділбек Қозыбақов теңіз экожүйесі жаппай ластану, су деңгейінің төмендеуі және ресурстарды шектен тыс пайдалану салдарынан күйреп бара жатқанын ескертеді.
Егер нақты шаралар қабылданбаса, Каспийдің де болашағы қатерге тігілуі мүмкін екенін айтады.


