10 қыркүйекте Шымбұлақта аспалы жол тоқтап қалған еді.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Қазақстандық қыз Шымбұлақта аспалы жол тоқтап, курорт тарапынан ешқандай көмек көрсетілмегенін айтты. Сөзінше, бірнеше турист сайға қарай өздері құлдилаған, деп жазады stan.kz.
Оқиға 10 қыркүйекте болған. Қазақстандықтың айтуынша, оларға ешкім көмекке келмеген. Алайда аспалы жол мүлде қосылмауы мүмкін екенін жеткізген.
"Төмен қарай түсіп бара жатқан қарт кісілер де болды. Адамдар серуендеп жүр, туристер көп. Бұл соңғы лек. Өйткені біз соңғы арқан жолға отырдық. Оны қосылады деп ойлап, күтіп отырдық. Алайда біраз уақыт өткен соң бәріміз түсіп кеттік. Көліктер жүріп жатыр, бірақ тоқтамайды. Адамдар құлап жатса да, тоқтамайды. Қол бұлғап, тоқтаңыздар деп едік, жай ғана өтіп кетті", – дейді қыз.
Сондай-ақ ол курорт қызметкерлерінің туристерге ештеңе түсіндірмегенін айтты.
"Қызметкерлер туристерге ештеңе түсіндіріп бере алмады. Әсіресе орыс тілін білмейтіндерге ештеңе айтпады. Тіпті біз сияқты орысша білетін қазақтарға да себебін түсіндіре алмады. Кассаға барып, билетке жұмсаған ақшаның жартысын қайтаруды сұрадық. Себебі біз қауіпті, қиыршық тасқа толы жолдың жартысынан жаяу, өзіміз түстік. Бірақ бізге дөрекі жауап қайтарып, "жоқ" деді де, шығарып салды", – дейді қыз.
Аталған жағдайға қатысты Шымбұлақ курортының айтуынша, Талғар асуында тоқтаған арқан жолында жүзден аса қонақ болған.
"10 қыркүйек күні “Шымбұлақ” тау курортында “Комби-2” арқан жолының қозғалысы тоқтады. Кабиналарда қызметтік қажеттілікке байланысты көтеріліп бара жатқан Республикалық жедел-құтқару жасағының 8 құтқарушысы мен 20 қонақ болды. Талғар асуында 100-ге жуық қонақ күтіп тұрды. Ешкім жапа шеккен жоқ", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ олар мән-жайды уақыт ретімен түсіндіріп берді.
"10 қыркүйек күні шамамен сағат 12:26-да арқан жолдың тоқтағаны туралы хабар келді. Жөндеу бригадасы жедел қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. Одан кейін құтқарушыларға хабар жіберілді. Сосын арқан жол резервтегі қозғалтқышқа ауыстырылды. Қонақтар арқан жолмен орта станцияға түсірілді. Құтқарушылар қонақтарды төменге альпинистік жабдықпен эвакуацияланды. Талғар асуы және орта станцияда күтіп тұрған қонақтарға төмен түсуді күтер уақытта ыстық сусындар мен жылы орындар (кафе) ұсынылды. Осы уақытта қонақтарды курорттың көлік құралдарымен төменге түсіріп, әрі қарай “Комби-1” арқан жолымен “Шымбұлақ” базалық станциясына түсіру жұмыстары ұйымдастырылды" – делінген хабарламада.
Олар қызметкерлердің бекітілген хаттамаға сай әрекет еткенін жеткізді. Қазір курорттың техника мамандары арқан жолдың тұрақты жұмысын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр дейді.
Айта кетейік, бұған дейін 10 қыркүйекте Шымбұлақта аспалы жол тоқтап қалған еді. Салдарынан 120-дан астам адам кабина ішінде және Талғар асуында қалып қойған.