Қарағандыда таксимен қонақүйге барған ер адам қамауға алынды

0
103

​Оның көлікті, дүкенді, автокөлік жуу бекетін тонап кеткені белгілі болды.


Қарағандыда таксимен қонақүйге барған ер адам қамауға алынды

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Қарағандыда таксимен қонақүйге жеткен ер адам көп ұзамай қамауға алынды. Ол бірнеше ұрлық жасады деген күдікке ілінді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

ІІМ мәліметінше, тамыз айының соңында такси жүргізушісінің көлігінің артқы орындығынан күміс әшекейлері бар барсетка жоғалып кеткен. Күдік сол күні қонақүйдің жанынан түсіп қолған жолаушыға түскен. Жәбірленуші ұрлық болғанын хабарлап, сол жерде күтіп отырған.

Оқиға орнына келген патрульдік полиция экипажы мән-жайды анықтау барысында екі жайтқа назар аударған. Біріншісі – жолаушының қай мекенжайдан мінгені, екіншісі – оның ішінде темекіге толы пакеті болғаны. Себебі сол сәттен бір сағат бұрын дәл осы мекенжайдан дүкеннен темекі мен ақша ұрланғаны туралы ақпарат түскен.

Полиция бөліміне жеткізілген күдіктіден ұрланған заттары бар барсетка, 103 қорап темекі және дүкен кассасынан алынған 125 мың теңге тәркіленді.

32 жастағы ер адам қаланың басқа бөлігіндегі көлік жуу орнын да тонап кеткенін мойындаған. Ол жердегі кассадан 1,3 млн теңге жоғалған.

«Ұсталған адам ұрлық жасаудың қалыптасқан тәсілін қолданған: кассаға емін-еркін қол жеткізген және аздаған мөлшердегі бағалы заттар тұрған орындарды таңдап, қызметкерлердің бейқамдығын пайдаланған. Айта кетерлігі, ол таксидегі ұсақ-түйекке дейін ұрлап кеткені ерекше назар аудартқан. Бұл кейін тергеу үшін маңызды ізге айналды», – деп атап өтті ведомство.

Қазір қозғалған қылмыстық іс аясында күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.