Кәмелет жасқа толмаған балаларды мешіт ішінде ұрып-соққан ақтөбелік сотталды

0
407

Оқиға биыл ақпан айында болды.


Кәмелет жасқа толмаған балаларды мешіт ішінде ұрып-соққан ақтөбелік сотталды

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

ERNUR.KZ. Сот қала тұрғынын 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ол бұған дейін үйқамақта болды, деп жазады inform.kz.

Оқиға биыл ақпан айында болды. Нұр-Ғасыр облыстық орталық мешітінде сөзге келіп қалған сотталушы кәмелет жасқа толмаған балаларды ұрып-соғып, тепкілеген. Салдарынан бір баланың миы шайқалып, бас-ми жарақатын алды. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сүйенсек, жарақаты жеңіл және орташа дәрежеде. Сот жарыссөзі кезінде мемлекеттік айыптаушы Альбина Асқарова сотталушыны кінәлі деп танып, бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
- Жұдырықтап, аяғымен тепкен. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру қылмысын ақырына дейін жеткізген. Сотталушының заңсыз іс-әрекеті салдарынан бас миының шайқалуы, жабық бас ми жарақаты, жеңіл дәрежедегі бас миының соғылуы диагнозы қойылды. Денсаулығына орта дәрежеде зиян келтірген. Мұрын сүйегінің жабық сынығы түріндегі жарақаты – жеңіл дәрежеде. Сотталушыны кінәлі деп танып, оған Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігі бойынша 1 жылға , 107-бабы 2-бөлігі 2, 5, 8-тармақтарымен 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауыңызды сұраймын. Қылмыстық кодекстің 58-бабы 2-бөлігіне сәйкес түпкілікті 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. Жәбірленушінің талап арызы ішінара қанағаттандырылып, өкілдік қызметтеріне жұмсалған ақша қаражаты толығымен өтілсін. Сонымен қатар азаматтық талап арызды ақылға сыйымды мөлшерде өндіруіңізді сұраймын,- деді мемлекеттік айыптаушы.

Сотта сотталушы үйқамақта жүрген соң кешірім де сұрай алмағанын айтты. Тек сот залында ғана мүмкіндігі болған.

- Аяғыма білезік тағып қойды. Үйден ешқайда шыға алмаймын. Барып кешірім сұрайтындай мүмкіндік болған жоқ. Таңертең учаскелік инспектор келді, прокуратурадан да тексерді. Мен екі жәбірленушіден кешірім сұраймын, істеген ісіме өкінемін. Азаматтық талап арызды мойындамаймын. Үйдегі ата-анамның жалғыз асыраушысымын,- деді сотталушы.

Сот үкімімен сотталушы түпкілікті 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

- Жаза тағайындаған кезде сотталушының көрінеу қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны, ол әрекеттерді қоғамдық орында, яғни мешітте жасағаны ескерілді. Жәбірленуші 10 млн теңге моральдық зиянды талап етті. Сот моральдық зиянға 3 млн теңге, заңды өкілдің шығынына 200 мың теңге өндіруді дұрыс деп тапты,- деді судья Мираш Уразалина.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.