Инвестициялар, жаңа өнеркәсіптік аймақ құру, туризм: Абай облысында жаңа жобалар іске асырылып жатыр

0
104

Абай облысына инвестиция тартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді.


Инвестициялар, жаңа өнеркәсіптік аймақ құру, туризм: Абай облысында жаңа жобалар іске асырылып жатыр

ERNUR.KZ. Халықаралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және шетелдік инвесторларды тарту мақсатында «Үлкен Алтай» халықаралық субөңірлік конференциясы аясында Қытай елінің инвесторларымен 1 млрд 500 млн АҚШ долларына 15 меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттар логистика, туризм, өңдеу өнеркәсібі және басқа да перспективалы салаларды қамтиды. Олардың ішінде жалпы сомасы 39,5 млрд теңгені құрайтын қытайлық серіктестердің қатысуымен 3 жоба іске асырыла бастады. Бұл жайында Абай облысының әкімі Берік Уәли ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Сонымен қатар өңірден шыққан елге танымал тұлғалардың, кәсіпкерлер мен меценаттардың қатысуымен өткен «Туған жерге туыңды тік» атты инвестициялық форумда 336 млрд теңгеге маңызды 15 келісімге қол жеткізілді. Оның ішінде жалпы сомасы 31,7 млрд теңгені құрайтын 2 жоба іске асырыла бастады.

«Инвестиция тарту және өңірдің жаңа өнеркәсіптік базасын қалыптастыру мәселесіне тоқталатын болсақ. Аумағы 96 гектарды құрайтын «Өндіріс» индустриялық аймағында 3 жаңа жобаларға жер беріліп, толыққанды игерілді. Индустриялық аймақты 186 гектарға дейін кеңейтіп, шағын өнеркәсіп паркін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Инвесторлардың өңірге деген қызығушылығы индустриялық аумақты кеңейту қажеттілігін көрсетіп отыр. Осыған байланысты Семей қаласының өнеркәсіптік аймағында 500 га жер бөлуді жоспарладық. Бұл жобаны іске асыру инвестиция тартуға, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беріп, өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді», – деді өңір басшысы.

Аймақтағы туризм саласын үйлестіретін арнайы басқарма құрылды. Туризмнің әлеуетін іске асыру үшін туристік маршруттар бойынша жол инфрақұрылымын жетілдіру және жол бойындағы сервисті дамыту жөнінде шаралар қабылданып жатыр. Мәселен, республикалық деңгейдегі туризм картасына Алакөл енді. «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватын да танымдық туризм ретінде қарастыруға болады.

2019 жылдан бері Алакөл жағалауында жөндеу жүргізілмегенін ескере отырып, биыл жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Көл жағалауындағы Қабанбай ауылында құтқару станциясы және өрт сөндіру депосының құрылысы басталды. Қазіргі уақытта туристік аймаққа жаңа электр желісін тарту, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Жағалауды дамытудың негізгі жобаларының бірі – Әзербайжан Республикасы инвесторларының қатысуымен «Алакөл» емдеу-сауықтыру кешенінің құрылысы. Бұл жоба бойынша екі мемлекеттің басшылары 21 қазан күні келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта құрылыс орнын бекіту жұмыстары келісілуде. Сонымен қатар қытайлық компаниялар «Сан Бао», «Ванджан» және «Жудинг груп» Алакөл туристік аймағында жалпы алаңы 40 га тез құрылатын 100 шағын қонақ үйлердің құрылысы жоспарланды.