Футболдан кейінгі төбелес: Жамбыл облысында оқушы көз жұмды

0
96

Футболдан кейін 10-шы және 11-ші сынып оқушылары төбелесіп қалған.


Футболдан кейінгі төбелес: Жамбыл облысында оқушы көз жұмды

© Sputnik / Табылды Кадырбеков

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында оқушылар арасындағы төбелестен кейін 10-шы сынып оқушысы көз жұмды. Полиция екі жасөспірімді қамауға алды, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, бұл оқиға Көкқайнар ауылында болған. Футболдан кейін 10-шы және 11-ші сынып оқушылары төбелесіп қалған. Бірақ жанжал онымен аяқталған жоқ. Жоғары сынып оқушылары жеңілгенін мойындамай, өз қарсыластарын бір дүкеннің артында жинап, соққыға жыққан. Сол кезде біреуі өзінен екі жас кіші оқушыны кеуде тұсынан қатты ұрған. Оқушы есінен танып қалған. Ал үйінде өзін жайсыз сезініп, құса берген, дем алуы да қиындап кеткен. Жедел жәрдем келгенге дейін жасөспірім көз жұмды.
Облыстық полиция Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 3-бөлігі (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан не қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер) бойынша сотқа дейінгі тергеудің басталғанын мәлімдеді.
"Жедел-іздестіру шаралары барысында 17 және 16 жастағы екі күдікті анықталды. Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Қазіргі уақытта істі толыққанды, объективті және жан-жақты қамтамасыз етуге бағытталған барлық қажетті жедел-тергеу іс-шарасы жүргізіліп жатыр", - дейді полицейлер.
Айта кетері, бұл бап бойынша 8 жылдан 12 жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.