Forbes: Қазақстандағы ең бай адамдардың жаңа рейтингі жарияланды

0
203

Биыл тізімге енгендердің жалпы байлығы 46,6 миллиард доллардан 57,5 миллиард долларға дейін өсіп, қатысушылардың орташа жасы 55-ке төмендеді.


Forbes: Қазақстандағы ең бай адамдардың жаңа рейтингі жарияланды

Фото: vedomosti.ru

ERNUR.KZ. Forbes Kazakhstan биылғы ең ауқатты қазақстандықтардың жаңартылған тізімін ұсынды, деп жазады inbusiness.kz.

Рейтингті Вячеслав Ким бастады – оның байлығы 1,3 миллиард долларға артып, 7,1 миллиард долларға жетті. Ең қарқынды өсім Тимур Турловқа тиесілі, ол бір жылда 2,6 миллиард доллар табыс тауып, 5,8 миллиард доллармен 2-орынға көтерілді. Бұл Forbes Kazakhstan тарихындағы рекордтық өсім.

Бірінші ондыққа сондай-ақ Владимир Ким, Тимур және Динара Құлыбаевтар, Болат Өтемұратов, Ибрагимовтер отбасы, Нұрлан Смағұлов, Сәрсеновтер отбасы мен Айдын Рахымбаев енді.

Жаңадан қосылғандар қатарында Allur және "Кармет" компанияларын біріктірген Андрей Лаврентьев (840 млн доллар), құрылыс және телеком саласындағы Нұрлан Артықбаев, Төрсенғали Алагөзов (азық-түлік пен сусын өндірісі), ABR мейрамханалар желісінің иесі Асқар Байтасов, экс-боксшы Серік Қонақбаев (мұнай-газ), медиа-кәсіпкер Әлидар Өтемұратов пен "Олимп" негізін қалаушы Ерлан Сүлейменов бар.

Ал тізімнен кеткендердің арасында заңсыз активтерді қайтару бойынша тізімге енген Hill Corporation иесі Дулат Қожамжаров, сондай-ақ Ельдар Әбдіразақов, Берік Қаниев, Юрий Пак пен Раушан Сагдиева бар.

Жаңа рейтинг жаһандық экономикалық өзгерістер мен Қазақстандағы ауқатты адамдардың белсенділігінің артуы аясында жасалды.

Global Wealth Report 2024 дерегінше, бай адамдар санының өсу қарқыны бойынша Қазақстан әлемде алғашқы үштікке енген.