Физика олимпиадасының чемпиондарын оқу министрі әуежайдан күтіп алды

0
106

Халықаралық физика олимпиадасының (IPhO-2026) 5 жеңімпазы елге оралды.


Физика олимпиадасының чемпиондарын оқу министрі әуежайдан күтіп алды

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Алматы халықаралық әуежайында Халықаралық физика олимпиадасының (IPhO-2026) жеңімпаздарын салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Оларды оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бастаған топ Алматы әуежайында күтіп алды, деп жазады inbusiness.kz.

Халықаралық физика олимпиадасы 4-12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өтті. Оған әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысты. Қазақстан құрамасы өз тарихында алғаш рет 5 алтын медаль жеңіп алды. Олар: Нұргүл Егенбергенова, Әмірбек Азатбеков, Ілияс Қазымбек, Роман Черемнов және Дамир Құрман.

Ұлттық құрамаға Гүлия Нұрбақова, Самат Мақсұтов және Әлішер Еркебаев жетекшілік етті.

Жеңімпаздарды әуежайда күтіп алған оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова оқушыларды тарихи жетістікпен құттықтады. Министр ұлттық құраманы жоғары деңгейде дайындауға және тарихи нәтижеге жетуге үлес қосқан педагогтер мен тәлімгерлерге алғыс білдірді.

Ұлттық құраманың тарихи жеңісі – барша қазақстандықтар үшін зор мақтаныш әрі жас ұрпаққа шабыт беретін жарқын үлгі.