Фитосанитариялық мониторинг жүргізуге арналған мобильді қосымша әзірленді

0
103

Соңғы жылдардағы шегірткелердің таралу динамикасын талдау олардың санының өсу үрдісін көрсетті.


Фитосанитариялық мониторинг жүргізуге арналған мобильді қосымша әзірленді

ERNUR.KZ. Ең жоғары көрсеткіш 2024 жылы тіркеліп, сол жылы 3,1 млн га алқапта қорғаныс іс-шаралары жүргізілді. 2025 жылдан бастап өңдеу көлемінің төмендеу байқалады: 2,7 млн га өңделді, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 13%-ға аз. Ал, биыл алдыңғы жылғы өңдеу көлемінің 33%-ын құрады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков хабарлады.

Оның айтуынша, зиянкестер санының азаюы Үкіметтің қолдауымен жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесі болды.

«Бұл нәтижеге өсімдіктерді қорғау жүйесін жетілдіру бағытында қабылданған шаралар елеулі үлес қосты. Атап айтқанда, фитосанитариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын жаңғырту аясында техникалық жарақтандыру күшейтіліп, мониторинг жүргізуге және нүктелік өңдеу үшін 103 дрон, сондай-ақ 59 мамандандырылған автокөлік сатып алынды», – деді спикер.

Сонымен қатар химиялық өңдеу қызметтерін бірыңғай сатып алу тетігі енгізіліп, бұл процестерді орталықтандыруға, сондай-ақ бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Бұдан бөлек, желдеткішті бүріккіштердің өнімділік нормалары қайта қаралып, көрсеткіш 100 гектардан 70 гектарға дейін төмендетілді. Бұл жұмыстардың өнімділігін арттыруға және өңдеу мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік берді. Желдеткішті бүріккіштер мен дрондарды сатып алу шығындарының 25%-ын субсидиялау көзделген. Бұл шара техникалық қайта жарақтандыруды жеделдетуге және заманауи өңдеу технологияларын енгізуге бағытталған.

Шегіртке зиянкестеріне қарсы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында фитосанитариялық мониторинг жүргізуге, сондай-ақ өңдеу процестерін онлайн режимде көрсетуге мүмкіндік беретін «FITOCENTRE» ақпараттық қосымшасы әзірленді.

ТМД елдерінің шегірткеге қарсы күрес жөніндегі келісімі іске асырылуда, бұл іс-қимылдарды үйлестіруді және зиянкестердің шекара аралық көші-қонының алдын алуды қамтамасыз етеді. Қабылданған шаралар жұмыстардың өнімділігін арттыруға, химиялық өңдеу мерзімдерін қысқартуға, бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге және қорғаныс іс-шараларының сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.

Мемлекеттік органдардың, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің және халықтың үйлесімді жұмысының арқасында барлық қорғаныс іс-шаралары белгіленген мерзімде және жоғары тиімділікпен орындалды.

Қазір өңірлерде ауыл шаруашылығы алқаптарына жоспарлы фитосанитариялық мониторинг жалғасуда. Оның нәтижелері бойынша 2027 жылға арналған қорғаныс іс-шараларының көлеміне болжам жасалады.