Ерекше жандарға арналған тегін футбол жобасы іске қосылды

0
143

Қазір жобаға тоғыз адам қатысып, жаттығулар аптасына екі рет өткізіледі.


Ерекше жандарға арналған тегін футбол жобасы іске қосылды

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Теміртау қаласының тұрғыны Алмаз Асылбеков денсаулығында ерекшеліктері бар балалар мен ересектерге арналған әлеуметтік жобаны қолға алды, деп жазады inbusiness.kz.

Бастама аясында қатысушылар футболмен тегін айналыса алады.

Өткен жылдың басында ол Қазақстан футбол федерациясының D санатындағы жаттықтырушы сертификатын алған. Ал мамыр айында алғашқы топты жинай бастады. Қазір команда құрамында тоғыз адам жаттығып жүр.

– Менің де денсаулығымда белгілі бір шектеулер бар. Соған қарамастан, спорт әр адам үшін қолжетімді болуы керек деп есептеймін. Көптеген отбасылардың ақылы секцияларға қатысуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан денсаулығында ерекшеліктері бар адамдар футболмен тегін айналысып, араласып, өздерін команданың бір бөлшегі ретінде сезіне алатын орта құруды жөн көрдім, – дейді Алмаз.

Жаттығуларға денсаулығында шектеулері бар балалар мен ересектер қатысады. Жоба аясында олар спортпен шұғылданып қана қоймай, жаңа достар тауып, командада жұмыс істеуді үйреніп, өздеріне деген сенімділігін арттырады.

– Әр қатысушыны оның мүмкіндіктері мен денсаулық жағдайын ескере отырып, жеке қарастырамыз. Қазіргі уақытта тек ұлдармен және ер азаматтармен жұмыс істейтіндіктен, топқа қыз балалар қабылданбайды, – деп түсіндірді жаттықтырушы.

Жаттығуға қатысу үшін дене шынықтырумен айналысуға қарсы көрсетілімдердің жоқтығы туралы медициналық анықтама және жеке куәліктің немесе туу туралы куәліктің көшірмесін ұсыну қажет.

Жаттығулар аптасына екі рет – сәрсенбі және жұма күндері сағат 18:00-ден 19:30-ға дейін Теміртау қаласының 70-ші орамындағы №2 үйдің жанындағы футбол алаңында өтеді.

Алмаз Асылбековтің айтуынша, бұл бастаманы қолға алуға оның жеке өмірлік тәжірибесі себеп болған.