Еліміздің энергонысандарында 2 энергоблок, 26 қазандық және 16 турбина жөнделуде

0
108

Комитет төрағасы Ержан Ертаев алдағы жылыту маусымынан сенімді өтуді қамтамасыз ету саланың басты міндеттерінің бірі болып қала беретінін атап өтті.


Еліміздің энергонысандарында 2 энергоблок, 26 қазандық және 16 турбина жөнделуде

ERNUR.KZ. ҚР Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық бақылау және қадағалау комитетінде 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына энергетикалық кешен мен инфрақұрылымды дайындау мәселелері бойынша Республикалық штабтың кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Комитет төрағасы Ержан Ертаев алдағы жылыту маусымынан сенімді өтуді қамтамасыз ету саланың басты міндеттерінің бірі болып қала беретінін атап өтті.

«Басты міндет – алдағы күзгі-қысқы кезеңде халықты жылумен және электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету. Ол үшін барлық жөндеу жұмыстары сапалы, толық көлемде және белгіленген мерзімде орындалуы тиіс. Әрбір кәсіпорын басшысы нәтижеге жеке жауапты», – деді Ержан Ертаев.

Отырыс барысында электр станцияларындағы жөндеу науқанының орындалуы, жылу және электр желілерінің дайындығы, Бірыңғай электр энергетикалық жүйенің тұрақты жұмысы, отын қорларын жинақтау, өңірлерді газбен қамтамасыз ету және көмір тасымалын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Барлық өңірлерде ауқымды жөндеу науқаны бекітілген кестелерге сәйкес жүргізіліп жатқаны атап өтілді.

Бүгінгі таңда электр станцияларында негізгі жабдықтардың 16 бірлігіне – 2 энергоблокқа, 10 қазандыққа және 4 турбинаға күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта 2 энергоблокта, 26 қазандықта және 16 турбинада жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Электр желілерінде шамамен 4,8 мың шақырым электр беру желісі, 107 қосалқы станция және 1065 тарату пункті жөнделді. Бұл жылдық жоспардың бір бөлігі болып табылады. Жыл соңына дейін 17 098 шақырым электр желісін, 444 қосалқы станцияны және 3408 тарату пунктін жөндеу көзделген.

Жылу желілері бойынша қайта жаңғырту және күрделі жөндеуге жоспарланған 377 шақырымның 213 шақырымында жұмыстар жүргізілуде, оның ішінде 52 шақырымы толық аяқталды.

Отырысқа қатысушылар қысқы кезеңге дайындық барысында ерекше бақылауды қажет ететін мәселелерді талқылады. Энергетикалық кәсіпорындар мен әкімдіктердің басшылары энергообъектілердің сенімді жұмысын қамтамасыз ету, жөндеу бағдарламаларын орындау және инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы аяқтау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Жөндеу жұмыстарының ұйымдастырылуы мен мерзімдеріне қатысты тәуекелдер сақталып отырған нысандар мен өңірлерге ерекше назар аударылды. Кәсіпорын басшылары мен жергілікті атқарушы органдарға тәуекелдерді жою бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау және жылыту маусымы басталғанға дейін жоспарланған жұмыстардың толық орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Отырыс қорытындысы бойынша энергетикалық кәсіпорындарға жөндеу бағдарламаларының сөзсіз орындалуын қамтамасыз ету және жабдықтардың техникалық жағдайына бақылауды күшейту тапсырылды. Әкімдіктерге жылумен жабдықтау және электр желілері кешеніндегі жұмыстарды уақытылы аяқтау үшін қажетті шараларды қабылдау жүктелді. Комитеттің аумақтық департаменттеріне апта сайын энергообъектілердің дайындығына мониторинг жүргізу және туындаған тәуекелдерге жедел әрекет ету тапсырылды.