Елімізде әлеуметтік нанның бағасы өсті

0
105

Бұл туралы Energyprom.kz жазды.


Елімізде әлеуметтік нанның бағасы өсті

Фото: pkzsk.info

ERNUR.KZ. Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қатарына кіретін бірінші сұрыпты ұннан пісірілетін бидай наны бір жылда 4,2%-ға қымбаттады, деп жазады inbusiness.kz.

ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) жалпы бағасы осы кезеңде 2,9%-ға артқан. Ал маусым айының соңғы аптасында әлеуметтік нан бағасы өзгермей, ӘМАТ өнімдерінің орташа бағасы 0,1%-ға төмендеген.

Өңірлер бойынша баға өсімі әртүрлі. Ең қымбаттау өнім Семейде тіркелді – 13%. Павлодарда нан бағасы 12,9%-ға, Ақтөбеде 12,5%-ға өскен. Сондай-ақ Жезқазған, Алматы, Ақтау, Петропавл және Қонаев қалаларында өсім орташа республикалық деңгейден жоғары болған. Көкшетау әлеуметтік нан арзандаған жалғыз қала болды. Мұнда баға бір жылда 8,7%-ға төмендеген. Қарағандыда өсім 1%, Оралда 1,1%, Қостанайда 1,4% болды. 2026 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша әлеуметтік нанның орташа бағасы келісі 229 теңгені құрады. Ең қымбат нан Қонаевта сатылды – 347 теңге. Алматыда – 308 теңге, Жезқазғанда – 281 теңге. Ал ең төмен баға Оралда тіркелді – 185 теңге.

Сонымен қатар, 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстанда 204,3 мың тонна жаңа піскен нан өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,3%-ға аз. Өндіріс көлемі Алматы, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында артса, Ұлытау, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында төмендеген.

Әлеуметтік нан елдегі негізгі тұтыну өнімдерінің бірі болып қала береді. 2026 жылдың бірінші тоқсанында әр қазақстандық орта есеппен 5,98 келі бірінші сұрыпты ұннан жасалған нан тұтынған.