Алайда 6 жастан асқан балалар тәуліктің түнгі уақытында жалғыз ұша алмайды.
Фото: pexels.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда 6 жастан асқан балалар ата-анасыз немесе қамқоршысыз ұшақпен ұша алады. Бұл ішкі және халықаралық рейстерге де қатысты. Бұл туралы Көлік министрлігінің мамандары мәлімдеді, деп жазады inform.kz.
– Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі №540 бұйрығымен бекітілген жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес, кәмелетке толмаған жолаушылар ересек жолаушымен бірге немесе онсыз да тасымалдана алады. Еріп жүретін адамдары жоқ кәмелетке толмаған жолаушылар ретінде ішкі және халықаралық рейстерде жасы 6-дан 16-ға дейінгі ата-аналарсыз және жолаушылардың қайсыбіріне сеніп тапсырылмаған балалар тасымалданады, – дейді жауаптылар.
Ал 6 жасқа толмаған жолаушылар тек ата-анасымен, қамқоршысымен немесе кәмелет жасқа толған, сенімхаты бар азаматпен бірге ұша алады. 6 жастан асқандар ересектерсіз ұшу үшін қандай талаптарды орындау керек? Министрлік қызметкерлері жауап берді.
– Егер Қазақстан Республикасының кәмелетке толмаған азаматы елден ересек адамның ертуінсіз шығатын болса, онда оның паспортынан бөлек, шығатын мерзімі мен баратын мемлекеті көрсетілген, ата-анасының, асырап алушысының, қорғаншысының немесе қамқоршысының нотариат куәландырған жазбаша келісімі болуы қажет. Әуе компаниясы кәмелетке толмаған жолаушыны ересек адамның ертуінсіз тек ата-анасы жазбаша өтініш берген жағдайда ғана тасымалдауға қабылдайды, – дейді мамандар.
Алайда 6 жастан асқан балалар тәуліктің түнгі уақытында жалғыз ұша алмайды.
– «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңның 36-бабының 5-тармағына сәйкес, ересек адамсыз жол жүретін кәмелетке толмаған балалар түнгі сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейінгі уақытта ұшаққа отырғызылмайды, – дейді Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі.