Бүгінде айрықша алаңдаушылық туғызатын тағы бір дүние бар, деді Тоқаев.
фото: Акорда
ERNUR.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында әлемдегі қарулы қақтығыстардың экономикалық шығындарына тоқталды, деп жазады sputnik.kz.
"Былтырғы мәліметке сәйкес, 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында тұрған. Ал осындай қатыгез әрекеттерден келген экономикалық шығын 19 триллион долларға жетті. Бұл, шамамен, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 13,5 пайызы. Дегенмен осы сандардың арғы жағындағы ахуал одан да қорқынышты: қазіргі қақтығыстар анағұрлым ұзақ әрі күрделі сипатқа ие. Оған көптеген "ойыншылар", тіпті, ешқандай мемлекетке қатысы жоқ топтар араласады. Бұдан бөлек, мұндай қақтығыстардың тамырында түрлі қайшылықтар жатыр", - деді Тоқаев форумның пленарлық отырысында.
Бүгінде айрықша алаңдаушылық туғызатын тағы бір дүние бар, деді Тоқаев. Ол – әлемдегі осы тектес шиеленістердің жаһанға мүлдем жаңа түсінік пен құндылықтар ұсынып, адамзатты түбегейлі түлеген, бірақ әзірге беймәлім келешекке бастап бара жатқан жасанды интеллектінің даму трендімен еш үйлеспеуі.
"Бұл орайда тарихи тұжырымдар мен саяси араздыққа негізделген әскери қақтығыстар мен соғыстар мүлдем орынсыз, тіпті ақылға қонбайды. Әрине, қақтығыстардың қай-қайсысы да жіті назар аударуды қажет етеді. Әйтсе де, ядролық қаруды иеленген мемлекеттер арасындағы шиеленіске айрықша мән бергеніміз жөн", - деді президент.