"Диагноздан қателескен": Жамбыл облысында дертіне ем іздеген экс-депутат дәрігердің қолынан ажал құша жаздады

0
111

Науқастың айтуынша, желке тұсындағы ісікті көрген ақ халаттылар жобалап диагноз қойып тексермей отаға жатқызған.


Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Шу аудандық ауруханасына дертіне шипа іздеп келген Шолпан Ырысалиева дәрігерлердің диагноздан шатасып, ұйықтататын дәріні дұрыс бере алмай, жұтқыншағын жарып тастағанын айтып, шығамданды. Облыстық мәслихаттың экс-депутаты ауру үстіне ауру жамылдым деп отыр, деп жазады stan.kz.

Науқастың айтуынша, желке тұсындағы ісікті көрген ақ халаттылар жобалап диагноз қойып тексермей отаға жатқызған. “Бір рет түсе алмады, екінші рет түсе алмады, үшінші рет тағы түсе алмады. 4-шіде қан қысымым көтеріліп жағдайым нашарлағаннан кейін Байжановтың өзі айтады маған, “сізді мен тірі алып қалдым ғой, 4-ші жасайын деп жатқанда тоқтатыңдар, тоқтатыңдар өліп қалады деп салдырмай қойдым” деді”, – дейді Шолпан Ырысалиева.

Осылайша ота жасалмай құр нархоз алған науқас палатаға жатқызылады. Дәрінің күші қайтқан соң науқас одан сайын қиналған. Сөйтсе анестезиолог маман тамағын қырып тастаған. Оны аудандық бас дәрігердің өзі мойындады. Қателескен екі дәрігер қатаң сөгіс алды.

“Мойынды шалқайтып жасаған кезде, кеңірдекке түсу үшін ол кеңірдек көрінеді. Сол кезде именно кеңірдекке түсе алмаған. Анестизолог-ревматологтың жіберген қателігі. Дәрігерлердің жіберген қателігі реаниматолог жоспарлы түрде бұл кісіні қарап тексеріп, тәуекелдерді анықтау керек еді”, – дейді Шу аудандық ауруханасының бас дәрігері Жайдар Айтишев.

Болған жағдайдан соң 57 жастағы әйел бір ай ас-су ішуден қалған. Жыртылған жұтқыншақ іріңдей бастаған соң жеке емханаға жүгініпті. Кейін облыс орталығына барып тексерілгенде дәрігерлердің диагноздан да жаңылысқаны белгілі болды. Науқас қатерлі ісікке шалдыққан. Ал мұндай дертті аудандық ауруханада жасауға мүмкіндік мүлдем жоқ.

“Мынаның бәрін жыртып тастаған ғой. Сенесіз бе? Мен бір ай бетім ісіп шыға алмадым. Енді-енді қайтып жатыр. Маған қиянат жасадыңдар, бірақ мен екінші басқа менің орныма келетін азаматшалар менің кейпімді киіп қиналмасын сабақ болсын деймін”, – дейді Шолпан Ырысалиева.

Науқас бұл істі жылы жауып қоймайтынын айтты. Ол алдағы уақытта қатерлі ісікті емдеу үшін ем алмақ.