Денсаулық сақтау министрлігі міндетті екпелердің тізімін кеңейтуді ұсынды

0
108

Елде міндетті вакцинацияға жататындар тізімі кеңейтілуі мүмкін.


Денсаулық сақтау министрлігі міндетті екпелердің тізімін кеңейтуді ұсынды

Фото: Pixabay.com

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі міндетті профилактикалық вакциналарды жүргізу ережелеріне өзгерістер енгізуді ұсынатын қаулы жобасын әзірледі, деп жазады stan.kz.

Елде міндетті вакцинацияға жататындар тізімі кеңейтілуі мүмкін. Өзгерістер бір жасқа дейінгі балаларға, жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге қатысты болмақ. Атап айтқанда, 16 жастағы жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге көкжөтелге қарсы вакцинация енгізу ұсынылады. Бұл ретте көкжөтел, дифтерия, сіреспе, B типті гемофилді инфекция, полиомиелит және вирустық гепатит В сияқты ауруларға қарсы вакцинациялау кестесі түзетілуіп жатыр.

Тағы бір маңызды жаңалық адам папилломавирусына (HPV) қарсы вакцинацияны кеңейту болмақ. Денсаулық сақтау министрлігі бұл онкологиялық аурулардың, соның ішінде жатыр мойны обырының даму қаупін төмендететінін баса айтады.

"Бұл шаралар иммундау бойынша сарапшылардың ұлттық техникалық консультативтік тобының ұсынымдары негізінде ұсынылды. Олардың мақсаты – халықты вакцинамен басқарылатын инфекциялардан қорғау және көкжөтелмен сырқаттанатындар санын азайту", – делінген хабарламада.

Денсаулық сақтау министрлігі жаңа ережелерді енгізу елдегі эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға, ауыр асқынулар мен өлім қаупін азайтуға көмектеседі деп үміттенеді.