Шенеунік әйел туысымен бірге 50 жүкті әйелдің атын жамалып, 200 млн теңге тапқан.
Фото: скриншот
ERNUR.KZ. Қаржы мониторинг агенттігінің Павлодар облысындағы департаменті жүкті әйелдерді тек қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастырып, сол арқылы декреттік демалысқа берілетін ақшаны қалтаға басқан екі әйелді анықтады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық бөлімінің басшысы туысын «іске» араластыра отырып, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы әйелдерді жалған жұмысқа орналастырған. Бухгалтер аталған ЭЦҚ-ларды иелерінің рұқсатынсыз пайдаланып, жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарды, еңбек қатынастары заңды түрде рәсімделгендей көрінетін өзге де құжаттарды дайындаған», - деп хабарлайды ҚМА баспасөз қызметі.
Бұдан өзге, олар бірнеше таныс адам тартып, оларға жүкті әйелдерді табуды тапсырған. Сондай-ақ, әйелдерді алдап, бұндай схема заңды екеніне сендірген.
«Ұсынылған жалған деректер негізінде уәкілетті органдарда жәрдемақылар тағайындалған. Алынған қаражат кейіннен схеманың қатысушылары арасында бөлінген. Нәтижесінде 13 жеке кәсіпкердің атынан 50-ден астам жүкті әйелге 6 млн теңгеге дейін өсірілген жәрдемақылар төленген. Мемлекетке 200 млн теңге залал келген. Сот санкциясымен күдіктілердің 3 автокөлігіне арест қойылды», - деп хабарлайды ҚМА.
Қазір осы іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.


