«ДАУЫС» қоғамдық байқаушылары Құрылтай сайлауына дайындық барысы туралы айтты

0
122

Брифингке «ДАУЫС» қоғамдық байқаушылар коалициясының төрағасы Төлеген Күнәділов, Коалицияның тең төрағалары Аян Сәлімгереев пен Сәбит Рыспаев, сондай-ақ Астана қалалық штабының үйлестірушісі Әлия Әубәкірова қатысты.


«ДАУЫС» қоғамдық байқаушылары Құрылтай сайлауына дайындық барысы туралы айтты

ERNUR.KZ. Астанада Құрылтай депутаттарының сайлауына қоғамдық байқау жүргізуге дайындық мәселелеріне арналған «ДАУЫС» қоғамдық байқаушылар коалициясының брифингі өтті.

Брифингке «ДАУЫС» қоғамдық байқаушылар коалициясының төрағасы Төлеген Күнәділов, Коалицияның тең төрағалары Аян Сәлімгереев пен Сәбит Рыспаев, сондай-ақ Астана қалалық штабының үйлестірушісі Әлия Әубәкірова қатысты.

Іс-шара барысында Коалиция өкілдері қоғамдық байқаушыларды даярлау жұмыстарының барысы, өңірлік штабтардың қызметі, сайлау процесіне қатысушылармен өзара іс-қимыл және дауыс беру күні қарсаңындағы негізгі жұмыс бағыттары туралы жан-жақты ақпарат берді.

Коалиция төрағасы Төлеген Күнәділов қоғамдық байқауды ұйымдастыру жөніндегі жұмыстар сайлау науқаны басталған сәттен-ақ еліміздің барлық өңірінде жүйелі түрде қолға алынғанын атап өтті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Коалиция республика бойынша қоғамдық байқаушыларды кешенді даярлау жұмыстарын жүргізуде. Оқыту бағдарламасы шалғай өңірлердегі қатысушыларды да қамтып, сайлау заңнамасын зерделеуге, сайлау учаскелеріндегі жұмыс алгоритмдерін меңгеруге, ақпаратты тіркеу тәртібіне және сайлау процесіне қатысушылармен тиімді өзара іс-қимыл жасауға бағытталған.

Дайындық жұмысының маңызды бағыттарының бірі – «ДАУЫС» коалициясы байқаушыларын даярлаудың бірыңғай стандартын енгізу. Бұл стандарт әдістемелік материалдарды, практикалық ұсынымдар мен жұмыс құралдарын қамтиды және барлық өңірдегі байқаушылардың бірыңғай талаптар мен қағидаттар негізінде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Коалиция сайлау процесіне қатысушылармен тұрақты кездесулер өткізіп келеді. Атап айтқанда, саяси партиялардың өкілдерімен өткен кездесулер барысында қоғамдық байқаудың негізгі қағидаттары таныстырылып, Коалицияның дауыс беру барысына тәуелсіз әрі объективті мониторинг жүргізуге дайын екендігі айтылды.

Сонымен қатар, Коалиция өкілдері Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымы (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) Сайлауды байқау миссиясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында қоғамдық байқауды ұйымдастыру мәселелері талқыланып, дайындық жұмыстары жөнінде ақпарат алмасылды. Тараптар ашықтық, кәсібилік және сындарлы ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Өңірлердегі жұмыстар да қарқынды жалғасуда. Коалиция төрағасы Төлеген Күнәділов Алматы, Шымкент, Түркістан және Қызылорда қалаларына жұмыс сапарымен барып, өңірлік штабтардың қызметімен танысты. Сондай-ақ өңірлік үйлестірушілермен және қоғамдық байқаушылармен кездесіп, дайындық барысы мен дауыс беру күні жұмысты ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Азаматтардан, қоғамдық байқаушылардан және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен келіп түсетін өтініштер мен ақпараттарды жедел қабылдау мақсатында Коалицияның +7 707 940 2171 нөмірі бойынша жедел желісі өз жұмысын жалғастыруда.

Дауыс беру күні «ДАУЫС» қоғамдық байқаушылар коалициясының Республикалық ситуациялық орталығы жұмысын бастайды. Орталық республика бойынша қоғамдық байқаушылардың қызметін үйлестіруді, өңірлерден келіп түсетін ақпаратты жедел қабылдауды, талдауды және туындаған мәселелер бойынша консультациялық қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта «ДАУЫС» қоғамдық байқаушылар коалициясы дайындық жұмыстарының негізгі кезеңдерін толық аяқтап, Құрылтай депутаттарының сайлауына қоғамдық байқауды жүзеге асыруға толық дайын.