Бұрын тіркелген бір адамға 100 теңге төленсе, биылдан бастап екі есе көбейтілді.
фото: Sputnik / Абзал Калиев
ERNUR.KZ. Қазақстанда алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігерлердің қосымша ақысы екі-үш есеге өсті. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігіне қарасты республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының директоры Айгүл Қасымова мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Биылдан бастап медицина қызметкерлеріне алғашқы көмек үшін төленетін ақы өзгерді.
"Бұрын тіркелген бір адамға 100 теңге төленсе, биылдан бастап екі есе көбейтілді. Осылайша, индикаторлардың барлығы қайта қаралды. 278-ші бұйрық бар. Соған сәйкес, учаскелік мейірбикелер мен дәрігерлер өз индикаторларын орындаса, жалақыға қосымша ақы төленеді", - деді Қасымова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, бұған дейін ынталандыру аясында жалақыға қосымша 30-40 мың теңге алуға мүмкіндік болған.
"Қазір осы сомадан екі есе, тіпті, үш есе артық алуға болады. Ол үшін тек тіркелген халықтың арасында профилактикалық жұмысты күшейтуі керек", - деп атап өтті орталық басшысы.