Бұрынғы вице-министр және ҚФФ басшысы Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты

0
195

2024 жылғы наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын тергеу нәтижесінде бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрін ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұстағаны белгілі болды.


Бұрынғы вице-министр және ҚФФ басшысы Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты

Ерлан Қожағапанов. Фото: primeminister.kz

ERNUR.KZ. 2025 жылғы мамырда үш жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты. ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп жазады tengrinews.kz.

ҚАЖК мәліметінше, сот шешімі негізінде Қожағапановтың жазасының өтелмеген бөлігі айыппұлмен ауыстырылған.

"Сондай-ақ, жазаны ауыстыру, шартты түрде мерзімінен бұрын босату және үкімнің орындалуына қатысты өзге де мәселелер бойынша материалдарды қарау және шешім қабылдау тек сот органдарының құзыретіне жатады", - деді комитеттегілер.

Қожағапановқа қатысты іс

Айта кетейік, 2024 жылғы наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын тергеу нәтижесінде бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрін ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұстағаны белгілі болды.

2025 жылы бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қатысты іс сотқа берілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаевтың айтуынша, бұл іс бойынша келтірілген шығын өзгеріссіз қалған және 1 миллиард теңгеден асады.

Ерлан Қожағапанов туралы не белгілі?

Ерлан Қожағапанов 1968 жылы Алматы облысында дүниеге келген.

1992 жылы Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Ресей кеден академиясын бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы бастаған.

1990-1994 жылдары кәсіпкерлікпен айналысты.

1994-2007 жылдары мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарда жұмыс істеді.

2007-2013 жылдары Астана әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2013-2016 жылдары Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы, Қазақстан футбол федерациясының президенті болып жұмыс істеді.

2016 жылдың желтоқсанынан 2017 жылдың қарашасына дейін Премьер-министрдің кеңесшісі міндетін атқарушы, кеңесшісі қызметтерін атқарды.

2017-2020 жылдары – Мәдениет және спорт вице-министрі.

2020-2021 жылдары – Алматы әкімінің бірінші орынбасары.

2021 жылғы сәуірден қыркүйекке дейін мәдениет және спорт вице-министрі болды.

Кейін ол премьер-министрдің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

Сондай-ақ, Ерлан Қожағапанов "Астана" футбол клубының директорлар кеңесінің төрағасы лауазымын атқарды.