Ендігі кезекте санитарлық дәрігерлер тексеруі керек.
ERNUR.KZ Бурабай ауданына демалуға келген 14 бала улану белгілерімен ауруханаға жатқызылды, деп жазады kaz.inform.kz.
«Авиценна — Бурабай» ЖШС директоры Евгений Бекаевтың мәліметінше, 22 маусым күні сағат 01.00-ден таңғы 06.15-ке дейін 8-17 жас аралығындағы 14 бала аурухананың қабылдау бөлмесіне жүгінген.
“ Балаларға жүргізілген сауалнама барысында олардың 20 маусымда келгені және 22 маусымда кететіні анықталды. Сапардың мақсаты — жеке демалыс. 21 маусым күні таңғы ас ішкеннен кейін (барлық балалар әртүрлі тамақ жеген: қуырылған ет пен картоп, борщ, сырник және т. б.) улану белгілері пайда болған, бірақ балалар кешке қарай ғана медициналық көмекке жүгінген. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін екі-үш баладан біртіндеп ауруханаға түсе бастады”, — деп түсіндірді Евгений Бекаев.
Балаларға дереу медициналық көмек көрсетілді.
12 баланың асқазанын жуып, үш балаға инфузиялық терапия жасалды.
Бүкіл 14 баладан сынама алынды. Сондай-ақ, құсуға қарсы инъекция мен спазмолитик берілді.
“Балалардың көбі медициналық көмек көрсетілгеннен кейін бірден кетсе, қалғаны дәрігерлердің бақылауынан кейін ауруханадан шықты, — деп толықтырды бас дәрігер.
Дәрігерлер улану дерегі бойынша шұғыл хабарламаны Бурабай ауданы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолдады.
Ендігі кезекте санитарлық дәрігерлер тексеруі керек.
Балалар тұрып жатқан қонақ үйдің иесі бұл жерде тамақ берілмейтінін еске салды.