Оқиға 2 тамыз күні күндіз Манхэттен жағындағы Бруклин көпірінің мұнарасында болған.
фото: ЖИ
ERNUR.KZ. Нью-Йоркте 44 жастағы ер адам Бруклин көпірінің мұнараларының біріне шығып, бірнеше туды, соның ішінде New York Post басылымының мәліметінше, Қазақстанның мемлекеттік туын іліп қойған. Осыдан кейін ол шешініп, Ист-Ривер өзеніне секірген, деп жазады ulysmedia.kz.
Оқиға 2 тамыз күні күндіз Манхэттен жағындағы Бруклин көпірінің мұнарасында болған.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері ер адамды төмен түсуге көндіруге тырысқан. Алайда ол тәртіп сақшыларының талабына құлақ аспай, шамамен 85 метр биіктіктен өзенге секіріп кеткен.
Порт полициясының қызметкерлері оны судан жедел шығарып алып, Bellevue ауруханасына жеткізген.
АҚШ бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, ер адам аман қалған және оның жағдайы тұрақты.
New York Post жазуынша, көпірге ілінген маталардың арасында Қазақстанның мемлекеттік туы болған. Сонымен қатар жазуы бар тағы бір ту немесе мата ілінген, алайда ондағы мәтінді әзірше анықтау мүмкін болмаған.
Ер адамның жанынан ешқандай құжат табылмаған. Оның жеке басы анықталғанымен, азаматтығы, бұл әрекетке не түрткі болғаны және Қазақстанмен қандай да бір байланысының бар-жоғы әзірше ресми жарияланған жоқ.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік туы Нью-Йорктің орталығындағы Таймс-скверде Өзбекстан футбол құрамасын қолдау акциясы кезінде де көтерілген болатын.
Сол кезде қазақ және қырғыз диаспораларының өкілдері өзбек жанкүйерлерімен бірге ұлттық туларын ұстап шығып, Өзбекстан құрамасын тарихта алғаш рет футболдан әлем чемпионатына жолдама алуымен құттықтаған еді.
Бұл жолы Қазақстан туы Нью-Йоркте тағы да көпшіліктің назарын аударды. Алайда бұл оқиға мүлде басқа жағдайда орын алып, оның нақты себептері әзірге белгісіз.


