Биыл «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында 30 бұлақ тазартылды

0
93

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясында бұлақтарды, жағалау аумақтарын тазартуға және суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Мөлдір бұлақ» ауқымды экологиялық акциясы өткізілуде.


Биыл «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында 30 бұлақ тазартылды

ERNUR.KZ. 2026 жылдың наурыз айында акция бірінші кезеңде Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарын, Жетісу облысын және Шымкент қаласын қамтыды. Бұл туралы ҚР су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

« 9000 астам адамның қатысуымен 30 бұлақ тазартылды, бұлақтардың табиғи көздерін ашу және қалпына келтіру, жақын маңдағы аумақтарды тазарту және абаттандыру жұмыстары жүргізілді, оның ішінде қоқыс жинау мен көшет отырғызу шаралары жүзеге асырылды», – деді вице-министр.

Спикердің айтуынша, бастама кең қоғамдық қолдауға ие болды, акцияға мыңдаған азамат қосылды. Еліміздің барлық өңірінде бейжай қарамайтын азаматтар Министрліктің үндеуін күтпей-ақ, өз бастамаларымен сенбілікке шығып, елді мекендеріндегі бұлақтарды тазалау жұмыстарын жүргізіп, іргелес аумақтарды абаттандыруда. Талғат Момышевтың мәліметінше, сәуір айында еліміздің қалған 12 облысында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясын одан әрі өткізу жоспарлануда.

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясын жыл сайынғы жүйелі негізде өткізу жоспарда бар. Айта кетерлігі, «Қазгидрогеология» Ұлттық гидрогеологиялық қызметі Қазақстан Республикасы аумағындағы барлық бұлақты түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Алдын ала мәліметтер бойынша бүгінде 711 ықтимал бұлақтар анықталған. Қор және архивтік материалдар негізінде 2772 бұлақтан тұратын карта қалыптастырылды. Бұлақтар су ресурстарының тапшылығы жағдайында сумен қамтамасыз етудің қосымша көзі ретінде қарастырылады.