Қазақстанда дербес деректерді қорғау туралы заң 2013 жылдан бері қолданылады.
Фото: ChatGPT
ERNUR.KZ. Біреудің суретін әлеуметтік желіден көріп, өз парақшаңызға көшіріп салдыңыз делік. Тіпті Threads сияқты платформада адамның суретін жариялап, "ақшамды қайтармай жүр", “алаяқ” деп жаздыңыз. Ал дүкен не сұлулық салоны клиентінің бейнесін жарнамаға пайдаланса ше? Осы ретте Қазақстанда дербес деректер туралы заңға қосымша өзгерістер енгізілгеннен кейін адамның суретін қай кезде және қалай пайдалануға болады деген сұрақ көбейе бастады. Медиақұқық қорғаушы, заңгер Гүлмира Біржанова жаңа талап кімдерге қатысты екенін, қай кезде адамның келісімі қажет болатынын және әлеуметтік желіде бөтен адамның суретін жариялаудың шегі қайда екенін түсіндірді, деп жазады stan.kz.
Дербес дерек деген не және не өзгерді?
Қазақстанда дербес деректерді қорғау туралы заң 2013 жылдан бері қолданылады. Оған осы уақытқа дейін бірнеше рет өзгеріс енгізілген. Ал соңғы толықтыруларға цифрлық ортаның кеңеюі, жасанды интеллектінің дамуы және адам туралы мәліметтің бұрынғыдан әлдеқайда көп жинала бастауы себеп болған.
Қазір адамның аты-жөні мен құжатындағы деректер ғана емес, суреті де түрлі жүйеде сақталады. Банктер, емханалар, оқу орындары, жұмыс берушілер, дүкендер мен түрлі қызмет көрсететін ұйымдар адамдардың мәліметін жинап, өңдейді.
Жасанды интеллект дамыған сайын суреттің де мәні өзгерді. Бұрын жай ғана фото болып көрінген бейне арқылы қазір адамды танып, басқа мәліметтермен салыстыруға мүмкіндік береді. Осы себепті заңда адамның бейнесін пайдалану тәртібіне қатысты қосымша талаптар пайда болды.
Бірақ заңгер адамның өз бейнесіне құқығы мен дербес дерек ұғымын шатастырмау керек екенін айтады.
"Адам өзінің бейнесін пайдалануға рұқсат беру не бермеу құқығына бұрыннан ие. Бұл мәселе тек дербес деректер туралы заңмен ғана реттелмейді. Соңғы өзгерістер кез келген суретті жариялауға тыйым салу үшін енгізілген жоқ. Мақсат – бейнені қандай жағдайда пайдалануға болады, ал қай кезде адамның келісімі қажет екенін нақтылау", – дейді Гүлмира Біржанова.
Демек өзгерістің мәні "енді ешкімді суретке түсіруге болмайды" дегенге келмейді. Ең бастысы – адамның суреті кейін кімнің қолына түсті және қандай мақсатта пайдаланылады деген сұрақ болып отыр.
Қай кезде адамның рұқсатын сұрау керек?
Мұны күнделікті жағдаймен түсіндіріп өтсек.
Концертте, футбол матчында немесе қаладағы мерекелік шарада жалпы көріністі түсірдіңіз делік. Кадрға ондаған адам кіріп тұр. Мұндайда әр көрерменнен жеке-жеке рұқсат жинау мүмкін емес жағдай екені белгілі. Сондықтан заң көпшілік қатысатын шараларды бөлек қарайды. Адамның қызметтік немесе қоғамдық жұмысына байланысты түсірілген бейнелерге де белгілі бір ерекшелік бар.
Мәселен, ашық жиында сөз сөйлеп тұрған мемлекеттік қызметкердің суретін сол шара туралы материалда пайдалану бір басқа. Кейін сол суретті алып, жарнамаға қолдану мүлде басқа жағдай. Сондықтан суреттің қай жерде түсірілгені ғана емес, оның кейін не үшін қолданылғаны да маңызды, дейді маман.
Ашық парақшадағы суретті алып қолдана беруге бола ма?
Әлеуметтік желіде суретті қолданғанда "өзі ашық парақшасына салып қойған ғой" деген сөз жиі айтылады. Алайда адамның парақшасы расымен де бәріне ашық болуы мүмкін. Бірақ суретті көре алу мен оны қалаған жерде пайдалану бір дүние емес.
Гүлмира Біржанованың айтуынша, мұндай жағдайда Азаматтық кодекстің 145-бабындағы адамның өз бейнесіне қатысты талаптар да ескеріледі.
"Сурет ашық жерде тұр екен деп оны кез келген мақсатта қолдануға болмайды. Ең алдымен ол не үшін пайдаланылып отырғанына қарау керек. Біреудің өз жарияланымын бөлісу бір бөлек, ал жеке парақшасындағы суретін алып, жарнамаға немесе басқа мақсатқа қолдану мүлде басқа жағдай", – дейді заңгер.
Мұны сұлулық саласынан да анық көруге болады. Клиент шаштаразға, косметологқа немесе басқа маманға келіп, жұмыс нәтижесін суретке түсіруге келісуі мүмкін. Бірақ "суретке түсіре беріңіз" деген сөз оның бейнесін кейін кез келген жарнамаға, сыртқы баннерге немесе басқа парақшаға сала беруге рұқсат берді дегенді білдірмейді.
Егер клиент суретті маманның әлеуметтік желідегі парақшасына жариялауға алдын ала келіссе, сол мақсат үшін қайта рұқсат сұраудың қажеті болмауы мүмкін. Ал фото кейін басқа мақсатта, мысалы сыртқы жарнамада, жарнамалық бейнероликте немесе үшінші тарапқа беріліп пайдаланылса, оған бөлек келісім қажет.
Әлеуметтік желіде біреудің суретін салып, "алаяқ" деп жазса ше?
Соңғы уақытта әлеуметтік желіде, әсіресе Threads секілді алаңдарда біреудің суретін жариялап, астына "алаяқ", "ұры", "ақшамды қайтармай жүр" деп жазатындар жиі кездеседі.
Мұндайда екі бөлек мәселе қаралады. Алдымен адамның суретін жариялауға қандай негіз болғаны анықталады. Оның бейнесі ашық парақшадан алынғанының өзі фотоны кез келген мақсатта пайдалануға рұқсат бермейді. Азаматтық кодекстің 145-бабына сәйкес, адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға болмайды. Ал биылғы өзгерістерден кейін адамның бет-бейнесі дербес деректердің құрамына да тікелей енгізілді.
Егер бұл әрекет суретті пайдалану дербес деректерді заңсыз жинау немесе өңдеу деп танылса, жеке тұлғаға 100 АЕК айыппұл қарастырылған. 2026 жылы бұл 432 500 теңгеге татиды.
Екінші мәселе – суреттің астына не жазылғаны. Мысалы, "ол менен ақша алды, әлі қайтарған жоқ" деп өз басыңыздан өткен жағдайды баяндау бір басқа. Ал "ол – алаяқ" деп жариялау бір басқа. Өйткені екінші жағдайда адамға құқықтық баға беріліп отыр.
"Қолданушы өзі дәлелдей алатын дерек пен өзінің жорамалын ажырата білуі керек. Егер нақты жанжал болған болса, не болғанын жазып, ақпаратыңыздың неге сүйенетінін көрсетуге болады. Бірақ адамға өз бетіңізше “алаяқ”, “ұры” деген атау беру дұрыс емес. Кінәсіздік презумпциясын да естен шығармаған жөн", – дейді Гүлмира Біржанова.
Заңгердің айтуынша, адамның қылмыс жасағаны соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталмайынша, оны қылмыскер ретінде көрсетуге болмайды.
Құқық бұзушылық жасаған адамды суретке не видеоға түсіруге бола ма?
Енді көшеде біреу бөтеннің мүлкін бүлдіріп жатқанын немесе ұрлық жасап жатқанын көрдіңіз делік. Оқиғаны телефонға түсіріп алдыңыз. Мұндайда видеодағы адамнан рұқсат алу керек пе деген сұрақ туады.
Гүлмира Біржанованың айтуынша, егер бейнеде құқық бұзушылық анық көрініп тұрса, қоғамдық мүдде ескеріледі. Адамның вандализм жасап жатқаны, ұрлық жасауы, кәмелетке толмағанға тиісуі немесе оқиға орнынан қашуы анық түссе, оны жариялау үшін сол адамның келісімін күтудің қажеті жоқ.
Бірақ мұнда да шек бар. Камераға түскен әрекетті көрсетуге болады. Алайда сол бір көрініске сүйеніп, адамға дәлелденбеген басқа айыптарды қоса тағуға болмайды. Яғни видео нені көрсетсе, соның аясынан шықпаған жөн.
Рұқсатсыз суретіңізді жарияласа не істеу керек?
Егер біреу сіздің суретіңізді алып, басқа мақсатта пайдаланса немесе сіз туралы жазбамен бірге таратса, ең алдымен дәлелді жоғалтпау керек.
Жарияланымның суретін түсіріп, парақшаның сілтемесін, жазбаның шыққан күні мен уақытын, мәтінін және пікірлерді сақтап қойған дұрыс. Өйткені автор кейін оны өшіріп тастауы мүмкін.
Одан кейін жағдайға қарай құқық қорғау органдарына, тиісті мемлекеттік органға немесе сотқа жүгінуге болады. Парақша жалған атпен ашылса да, оның иесі жауапкершіліктен автоматты түрде құтылмайды.
"Парақшада адамның шын аты-жөнінің болмауы құқықтық салдарды жоққа шығармайды. Бірақ мұндай аккаунттың иесін міндетті түрде табады деп те уәде беруге болмайды. Бәрі нақты жағдайға және заң аясында қандай дерек алуға болатынына байланысты", – дейді Гүлмира Біржанова.
Түйінінде, әлеуметтік желідегі бір ғана жарияланым бөтен адамның жеке кеңістігіне де, беделіне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан адам суретін не мәліметті бөлісер алдында оның жұртқа жария болуына шынымен негіз бар-жоғын таразылаған жөн. Интернетте батырманы бір-ақ рет басамыз, ал салдары кейде ұзаққа созылуы ықтимал, дейді заңгер.


