"Билеттерді өз атына сатып алмаған": Полиция Алматы әуежайында өзіне өрт қойған адамның әйелінен жауап алды

0
93

Алматы әуежайының желілік полиция бөлімінің бастығы Руслан Қозыбақов тергеу барысында ер адам билетке бола өзін өртеген болуы мүмкін деген нұсқа да қарастырылғанын айтты.


Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Полиция 25 тамыз күні Алматы әуежайында өзін өртеп жіберген ер адамның әйелінен жауап алды. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаның себебі отбасылық жанжал болған, деп жазады stan.kz.

Алматы әуежайының желілік полиция бөлімінің бастығы Руслан Қозыбақов тергеу барысында ер адам билетке бола өзін өртеген болуы мүмкін деген нұсқа да қарастырылғанын айтты. Алайда бұл ақпарат расталмады.

“Қазір біз қосымша тергеу жүргіземіз. Онда оның рейске кешігіп қалған-қалмағанын анықтаймыз. Бірақ билеттерді өз атына сатып алмаған”, — деді ол журналистерге берген жауабында.

Полицияның нақтылауынша, ер адамның өз-өзін өртеуі мүмкін екені туралы қоңырау әуе агенттігінің кассирі дабыл түймесін басқаннан кейін диспетчерден түскен. Оқиға орнына желілік полиция қызметкерлері мен авиациялық қауіпсіздік қызметі келген.

“Қызметкерлер өрт сөндіргіштермен жабдықталды. Одан кейінгі жағдайды сіздер видеодан көрдіңіздер. Олар өртті оқшаулап, адамды аман алып қалды”, — деді Руслан Қозыбақов.

Тергеу аясында бейнебақылау камераларының жазбалары сұратылып, ер адамның әуежайға қашан келгені және жанғыш сұйықтықты қандай жолмен алып өткенін анықтау жоспарланып отыр.

Қылмыстық кодекстің 105-бабы (Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы әуежайында ер адам өз-өзін өртеп жібергенін жазған едік. Әлеуметтік желіде тараған видеодан ер адамның әуежай кеңселерінің бірінде үстіне бөтелкемен сұйықтық құйып, өрт қойғанын көруге болады.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өзіне өрт қойған ер адам жедел жәрдеммен №4 қалалық клиникалық аурухағана жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылғанын мәлімдеді. Оның жағдайы өте ауыр. Сондай-ақ оқиғаның болжамды себебі айтылды.