Тимур Сүлейменов болашақта Ұлттық банктің аналитикалық жұмысына көмектесетін ЖИ кеңесшісі пайда болатынын растады.
Фото: Ұлттық банк
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің жұмысында жасанды интеллекті қолданылады, деп жазады inform.kz.
Алматыда өтіп жатқан Central Asia Fintech Summit форумы аясында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жасанды интеллектінің инвестициялық шешім қабылдауда үлкен әлеуеті бар екенін атап өтті.
— Әрине, жасанды интеллект аналитикада үлкен көмек көрсетуі тиіс. Осы мақсатта бізде деректер базасы бар, өйткені ақпаратты талдауға және ЖИ-ді оқытуға дереккөз қажет. Әйтпесе бұл мағынасыз болар еді. Меніңше, жеткілікті түрде оқытылып, деректерді алған ЖИ біз үшін мықты аналитикалық қолдаушы болмақ, — деді Ұлттық банк басшысы.
Тимур Сүлейменов «ЖИ базалық мөлшерлемені айқындау кезінде қолданылып жатыр ма» деген сұраққа жауап берді.
— Базалық мөлшерлемені айқындау — бұл бір мезетте әрі ғылым, әрі өнер. Ғылым тұрғысынан жасанды интеллект тамаша нәтиже көрсетеді, бірақ ғылым мен өнерді ұштастыру қалай боларын көреміз. Сондықтан әзірге бұл шешімді тек ақша-кредит саясаты комитетінің мүшелері қабылдайды. Пікірталас арқылы бұл күрделі шешімді адамдар қабылдайды, — деді спикер.
Тимур Сүлейменов болашақта Ұлттық банктің аналитикалық жұмысына көмектесетін ЖИ кеңесшісі пайда болатынын растады.
— Иә, бастапқыда бізде «төрағаның цифрлық орынбасарын» қосу туралы ой болды, бірақ олай алысқа бармауды ұйғардық. Сондықтан бізде цифрлық қаржылық аналитик болады, ол өз тәуелсіз пікірін белсенді түрде білдіріп отырады. Біз оған дауыс беру құқығын бергіміз келмейді, бұл жерде құқықтық аспектілер бар, — деді Ұлттық банк басшысы.


