Фото: Видеодан алынған кадр
ERNUR.KZ. Ұлттық парк аумағын мекендейтін тау арқарларының саны бүгінде 800-ге таяп қалған. Жануарлар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, деп жазады kaz.inform.kz.
Баянауылдың асқақ тауларында еркін жүрген арқарлар видеоға түсіп қалды.
Әдетте адамдар көзінен таса жерде, биік тау басында жайылатын сүтқоректілер кадрға сирек ілігеді.
“ Соңғы санақтар бойынша, ұлттық парктің аумағында бұл жануардың 781-і жүр. Олар үнемі таулы аймақты мекендеп, ұшар бастарында жайылады. Қараша-қазан айларында күйекке түседі. Сол кезде құлжасы мен ұрғашысы бірге жайылады. Одан кейінгі уақытта құлжалары бөлек жүреді “ , - деп хабарлады ұлттық парктен.
Көбейіп келе жатқан арқардың негізгі қорегі - жусан, қияқ, бидайық сияқты шөптер. Қыста бұтаны да талғажау етеді. Арқарлар әдетте таң ата, сосын кешкі уақытта жайылады.
Бүгінде Баянауыл ұлттық паркінде сүтқоректілердің 45 түрі бар. Олардың дені Ақбет, Далба, Қызылтау, Желтау, Сарытау аймақтарын мекендейді.
Еске сала кетейік, Баянауыл ормандарында емін-еркін жайылып жүрген бұландар бейнетаспаға түсті.


