"Бауыры езіліп, өкпесі тесілген": экс-полицей көлігімен басып өткен баланың жағдайы ауыр

0
127

Балаға екі рет ота жасалды.


фото: Sputnik / Варвара Гертье

ERNUR.KZ. Алматы облысы Қарасай ауданы Көкөзек ауылында экс-полицей көлігімен басып кеткен баланың жағдайы өте ауыр, деп жазады sputnik.kz.

Тапа-тал түсте көліктің астында қалған 7 жастағы Жанарыс Төленнің жағдайы өте ауыр. Оны 42 жастағы бұрынғы полиция қызметкері көлігімен басып өтіп кеткен. Баланы қаққан бойда ол оқиға орнынан ізін суытқан.
"Баламның жағдайы өте ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр. Екі рет ота жасалды, содан оңалмай тұр. Бауыры езіліп, өкпесі екі жерден тесілген", - дейді баланың әкесі Еркін Қалықбаев.
Күдікті сол Көкөзек ауылында учаскелік полиция инспекторы болып істеген. Кейінгі кездері мас күйде жүретін. Оқиға болған күні де мас болған, дейді баланың әкесі.
"Қаскелеңдік дәрігерлер облыстық балалар ауруханасына ауыстырамыз деп сол жаққа сұраныс жіберіп қойды, бірақ облыстық балалар ауруханасы әлі жауап қатпады. Баламның өкпесіне екі жеріне зонт қойған. Аяқ-қолы сынбаған сияқты, бірақ қозғала алмайды. Балам көзін ашады, бірақ тіл жоқ", - дейді Еркін Қалықбаев.
Жанарыс отбасындағы төрт баланың үшіншісі. Ата-анасы жеке кәсіппен айналысады. Талапты бала таэквандомен айналысқан. Тіпті талай рет жеңісті қанжығасына байлаған.
Алматы облыстық полиция департаменті учаскелік полицей оқиға болардан бұрын жұмыстан шығарылғанын айтады.
Жедел-іздестіру іс шаралары барысында Lexus RX 300 автокөлігінің 42 жастағы жүргізушісі ұсталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Аталған азамат полиция қызметкері емес, ол жол апатынан бұрын теріс себептермен жұмыстан шығарылған. Бұл факт бойынша тергеу жүргізіліп жатыр", - дейді ведомство.
Еске сала кетейік, 4 шілдеде велосипед мінген баланы Lexus RX 300 көлігі артқа жүріп келе жатып, басып өтті. Жүргізуші қайырылып тоқтамаған күйі оқиға орнынан ізін суытты. Оған дереу іздеу жарияланды. Ал бір күн өткен соң баланы қаққан жүргізушінің кім екені анықталып, қолға түсті. Ол бұрынғы полиция қызметкері болып шықты.