Қайсар Сұлтанов 2023 жылы 9 қазанға қараған түні қайтыс болды.
Фото: Марқұмның туыстары ұсынған сурет
ERNUR.KZ. Астанада 21 жастағы Ұлттық ұлан сарбазы Қайсар Сұлтановтың өлімі тағы да тергеліп жатыр. Бұған дейін іс үш мәрте өз-өзін өлтіру деген желеумен жабылған, бірақ марқұмның анасы ұлы кісі қолынан мерт болғанына сенімді, - деп жазады tengrinews.kz.
Қайсар Сұлтанов 2023 жылы 9 қазанға қараған түні қайтыс болды. Ол Астанадағы 6636 әскери бөлімінде борышын өтеді. Марқұмның анасы қайғылы оқиғадан бір күн бұрын ұлын көргенін және күдікті ештеңе байқамағанын айтады.
Қайғылы оқиғадан кейін тергеу органдары қылмыс құрамын таппай, істі үш рет жауып тастаған. Енді тергеу Қылмыстық кодекстің 105-бабы ("Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу") бойынша қайта басталды. Алайда Қайсардың анасы Сәуле Тілеубергенова ұлы өлтірілгеніне, ал кінәлілер әлі де Ұлттық ұлан қатарында қызмет етіп жүруі мүмкін екеніне сенімді.
Марқұмның анасы ұлы мұндай қадамға бармайтынын айтады. Ол сот-медициналық сараптаманың нәтижелеріне сүйеніп отыр.
"Мамандар бірінші оқтың төменнен жоғары атылғанын, бас сүйегі мен маңдайындағы жарақаттан сарбаз мерт болғанын анықтады. Қорытындыға сәйкес, екінші оқ алты минуттан кейін атылған. Бірақ бірінші жарақаттан кейін Қайсардың саналы түрде ешқандай әрекет жасауға шамасы келмеген", - деді ол.
Адвокат Инга Иманбайдың айтуынша, істі қайта бастағаннан кейінгі үш ай ішінде тергеу алға жылжымаған.
Марқұмның отбасы істі "Кісі өлтіру" бабына қайта саралауды, бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін жауапқа тартуды талап етіп отыр.