Барлық банкке бір QR: Қазақстанда бірыңғай төлем жүйесі іске қосылды

0
68

Ұлттық банк мәліметінше, барлық отандық банктер жаңа жүйеге қосылған.


Барлық банкке бір QR: Қазақстанда бірыңғай төлем жүйесі іске қосылды

Фото: ЖИ көмегімен жасалды

ERNUR.KZ. 19 шілдеде, жексенбі күні Қазақстанда мобильді төлем жүйесі ресми түрде іске қосылады, деп жазады inbusiness.kz.

Бұл жүйе арқылы қазақстандықтар енді:

  • телефон нөмірі бойынша басқа банкке лезде ақша аудара алады;
  • кез келген банктің QR-коды арқылы дүкенде төлем жасай алады;
  • төлемдер тәулік бойы, нақты уақыт режимінде өтеді.

Кәсіпкерлер үшін де артықшылық бар: енді бірнеше терминал орнатудың қажеті жоқ, бір QR-код арқылы кез келген банктен төлем қабылдай алады. Жаңа жабдық сатып алудың да қажеті жоқ – бұрынғы терминалдарда-ақ жұмыс істейді.

Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Бинур Мұратов Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 90 пайыздан асатын болса, ТМД елдеріндегі ең көп көрсеткіш 60 пайызға ғана жететінін айтты.

"Елімізде қолма-қол ақшасыз экономика саласы соңғы бірнеше жылда ерекше қарқынмен дамып келеді. Соңғы 6-7 жылда қолма-қол ақшасыз экономика көлемі 100 еседен астам өсіп, жыл сайын шамамен 200 триллион теңгеге жетті. Сауда нүктелерінде қолма-қол ақшасыз төлемдердің қолжетімділігі де айтарлықтай артты", – деді Бинур Мұратұлы.

Жүйені пайдалану үшін азаматтарға өз банктерінің мобильді қосымшаларын жаңарту немесе қолдау қызметіне жүгіну ұсынылады.