Әбеновтың айтуынша, депутаттарға алаяқтарға алғанған азаматтардан шағымдар жиі түседі.
ERNUR.KZ. Мәжіліс отырысында депутат Мұрат Әбенов қашықтан сәйкестендіру жүйесінің қауіпсіздігіне қатысты мәселе көтеріп, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінен бірыңғай биометриялық инфрақұрылым құруды және банктерге эталондық мәліметтер базасына қолжетімділік беруді талап етті. Оның айтуынша, мұндай жүйе болмағандықтан, азаматтарды биометрия арқылы анықтау алаяқтарға ыңғайлы болып отыр, деп жазады stan.kz.
Әбеновтың айтуынша, депутаттарға алаяқтарға алғанған азаматтардан шағымдар жиі түседі. Бір ірі банкті тексеру кезінде биометриялық тексеру көбінесе формалды түрде жүргізілетіні анықталған. Олар қазақстандықтарды ескі деректермен тексерген.
"Біз ең танымал банктердің бірін тексердік. “Биометрияны қай жерде өткіздіңіздер?” деп сұрасақ, адам мүлде келмеген болып шықты. “Онда сіз неге сүйеніп тексердіңіздер?” десек , “Бізде 2014 жылдан бергі жеке куәліктің көшірмесі бар” дейді", - деді депутат.
Оның айтуынша, банктердің мемлекеттік биометриялық базаға тікелей қолжетімділігі жоқ, сондықтан олар азаматтардың деректерін эталондық үлгілермен салыстыра алмайды. Сондықтан адамның жеке басын бет әлпеті немесе саусақ ізі арқылы растау сенімсіз немесе жалған нәтиже беруі мүмкін.
Депутаттың сынына Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун жауап берді. Ол министрлік бірыңғай әрі қауіпсіз биометриялық сәйкестендіру жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.
"Қазір eGov Mobile қосымшасында биометриялық сәйкестендіруді пайдаланатын 6,5 миллионнан астам белсенді қолданушы бар. Жаңа заң жобасында біз биометрия стандарттарын және оны қолдану тәртібін бекітеміз. Биометриялық деректер арнайы сүзгіден өтіп, ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай бірыңғай дерекқорда сақталуы тиіс", - деді ол.
Биометрия мәселесі қазіргі таңда жаңа "Қазақстанның Цифрлық кодексін" әзірлеу аясында қарастырылып жатыр. Бұл құжат тұлғаны анықтау кезінде бет-әлпетті, саусақ ізін және өзге де цифрлық технологияларды қолдану тәртібін реттейтін болады.


