Орталықтың мәліметінше, бұл дерек манипулятивті сипатқа ие және шындыққа жанаспайды.
Фото: ашық дереккөздерден
ERNUR.KZ. Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы мемлекет тарапынан банк терминалдары (банкоматтар) арқылы қолма-қол ақша алатын азаматтардың деректер базасы құрылды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп жазады inform.kz.
Орталықтың мәліметінше, бұл дерек манипулятивті сипатқа ие және шындыққа жанаспайды. Сонымен қатар Ұлттық банк елімізде банкоматтар арқылы қолма-қол ақша алу фактілері бойынша ешқандай тізілімдер немесе деректер базасы қалыптастырылмайтынын атап өтті.
- Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында банкоматтарда бейнебақылау камералары орнатылған. Олар алаяқтық пен ұрлықтың алдын алуға, сондай-ақ клиенттердің және ықтимал құқық бұзушылардың әрекеттерін тіркеу арқылы оқиғаларды тергеп-тексеру барысында пайдалануға мүмкіндік береді. Бейнежазбалар даулы жағдайлар мен құқықбұзушылықтар кезінде дәлел ретінде қызмет етіп, банк клиенттері мен қаржы ұйымдарының мүдделерін қорғауға бағытталған, - делінген хабарламада.
Бұл талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы №205 қаулысымен бекітілген. Аталған қаулыға сәйкес, банктер банкоматтарда төлем карточкасын ұстаушының бет-жүзін тіркеуге мүмкіндік беретін кемінде бір бейнекамера орнатуға міндетті. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап банктер бейнеақпаратты кемінде 180 күнтізбелік күн сақтау талаптарын орындауға тиіс.
Айта кетейік, қолданыстағы заңнамада банкоматтар арқылы қолма-қол ақша алатын тұлғаларды алу жиілігіне немесе сомасына қарамастан тіркеу жөнінде өзге талаптар көзделмеген.
Осыған байланысты Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы контент жасаушыларды құқықтық нормаларды бұрмалап түсіндіруден және қоғамда негізсіз алаңдаушылық тудыратын ақпаратты таратудан бас тартуға шақырды. Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда, азаматтар уәкілетті мемлекеттік органдарға «eOtinish» ақпараттық жүйесі арқылы ресми сауал жолдай алады.
Еске сала кетейік, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі құрылымында 2025 жылы Жалған ақпаратқа қарсы күрес жөніндегі орталық іске қосылды. Осы орайда «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында бұл орталық жайында ОКҚ директоры Асқар Омаров баяндап берген еді.


