Ер адам Әсемнің адымын аштырмай аңдып, кешірім сұраумен болады.
фото: Sputnik
АСТАНА, 18 маусым - Sputnik. Ақмола облысы Щучинск қаласында 36 жастағы әйел кісі қолынан ажал құшты. Оқиға туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне марқұмның әпкесі айтып берді.
Адам қолынан ажал құшты
36 жастағы Әсем Шабельская ай-күннің аманында адамның қолынан ажал құшты. Екі баланың анасын танысы аяусыз ұрып өлтірген.
"Сіңілімнің күйеуі 2022 жылы қайтыс болған, өзі ата-енесімен тұрады. Асырауында екі баласы бар. Осыдан екі жыл бұрын бір ер адаммен танысып, көңіл жарастырған. Сіңілім шипажайдағы дүкенде жұмыс істеген, ал өлтірді деген күдікті сол жерте ІТ маманы болып жұмыс істеген", - дейді марқұмның туған әпкесі Бақыт Сүйіндікова.
Әсемнің 6-8 жастағы екі баласы қалды. Ал өлтірді деп күдікке ілінген ер адамның жасы 34-те.
"Әсем сондай тыныш, ешкіммен артық сөзі жоқ, адамгершілігі де мол адам еді. Сол себепті де күйеуі қайтыс болса да, осы күнге дейін ата-енесімен бір шаңырақ астында тұрып келді", - дейді марқұмның туыстары.
Балтамен қуалаған
Әсем ер адаммен көңіл жарастыра салып, екі айдан кейін таяқ жеген.
Ақмола облысы Щучинск қаласында 36 жастағы әйел кісі қолынан ажал құшты. Оқиға туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне марқұмның әпкесі айтып берді.
"Мен сол кезде-ақ "мынау жақсы адам емес, араласпа" деп ескерттім. Сіңілім басым ауырып жүр деп айта беретін. Ер адам өте дөрекі болған, анаша қолданатын. Оған ақшасы болмай қалғанда дөрекілік танытып, жанжал шығарып, ұрып-соғатын. Ең үлкен жанжал биыл наурызда болды. Ол Әсемді қызғанып, әріптестерінің көзінше балтамен ұрмақ болған. Әсем есікті жауып қашып үлгерген. Сол кезде күдікті дүкеннің есік, терезелерін шағып тастаған. Сол жердегі қызметкерлер барынша арашалаған. Ер адам Әсемнің шашынан жұлып, басын керегеге ұрған", - дейді Бақыт Сүйіндікова.
Полиция қызметкерлері әкімшілік іс қозғап, іс сотта қаралған.
"Бұл ер адам психологиялық маньяк, Әсемнің жүйкесін әбден тоздырған. Наурыздағы оқиғадан кейін сіңілім ол жұмысынан шығып, басқа жұмысқа ауысады. Телефон нөмірлерінің бәрін ауыстырып, бой тасалаған. Бірақ арада көп уақыт өтпей күдікті Әсемді сол жерден тауып алады", - дейді әпкесі.
"Ол сені өлтіріп тынады"
Ер адам Әсемнің адымын аштырмай аңдып, кешірім сұраумен болады. Бірауыз мәміле айтуға шақырып, мазасын алады. Бірақ әпкесі Бақыт Әсемге "жолама, ол сені өлтіріп тынады" деп ескерткен. Апалы-сіңілі екеуі төсек тартып жатқан аналарын кезек күтіп, жәрдемдесіп жүрген. Ал 8 маусымда Әсем ер адаммен кездесуге баратынын айтқан.
"Сол күні түнгі сағат 12 шамасында кіші ұлы хабарласып, мамасынан қашан келетінін сұраған. Әсем "апаңның қасына жата тұр, сәлден соң келемін" деген. Маған әлеуметтік желіден "сен менің ең тамаша әпкемсің" деген видео жіберіпті. Ал сағат төртке таман Әсемнің телефонынан үш рет звонок түсіпті, телефон соққан Әсем емес, қасындағы ер адам. Бірақ мен ұйықтап жатқан ем", - дейді өкініштен өзегі өртенген әпкесі.
Басын ұрып алды деп айтқан
"Ер адам Әсемді өлімші етіп ұрған. Денесінен сау тамтық жоқ. Сосын ізін жасыру үшін пәтерді жақсылап тұрып тазалаған. Тек содан кейін ғана ауруханаға апарған, ол кезде Әсемнің жүрегі соғып тұрған. Бірақ күдікті басын ұрып алды деп айтқан, ұрғанын жасырмағанда дәрігерлер сіңілімді құқарып қалар ма еді", - дейді әпкесі Бақыт.
Ер адам Әсемнің туыстары мен қайын жұртына хабарласып, әйелдің жағдайы ауыр екенін айтқан. Ал қайын жұрты бірден ер адамның өзінен күдіктенген, бірақ ол мойындамаған.
"Пәтерді айнадай етіп тазалап тастаған. Сол жерде бір ноутбук тұрды, мен сіңілімдікі екен деп ойлап, полицияға көрсетіп алып кеттім. Кейіннен күдіктінің туыстары келіп кешірім сұрады. Біз кешірім бермейміз деп едік, ноутбук жігіттікі екенін айтып, менің үстімнен полицияға арыз түсірді. Біз адамнан айрылып отырсақ, олар ноутбукты даулап арыз жазып жүр", - дейді марқұмның туыстары.
Полиция қылмыстық іс қозғады.
"Жанжал кезінде ер адам әйелге дене жарақатын салған, салдарынан әйел қайтыс болды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - дейді Ақмола облысының полиция департаментінде.
Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.


