Ауылдарға интернет жеткізуге 84 млрд теңге бөлінеді – Мәдиев

0
135

Қазақстанда ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жоба басталады.


Ауылдарға интернет жеткізуге 84 млрд теңге бөлінеді – Мәдиев

ERNUR.KZ. 2027 жылға дейін 1 123 ауылға кең жолақты интернет тартылады. Жоба 2,3 млн-нан астам тұрғынды қамтымақ, деп жазады baq.kz.

Қазақстанда ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жоба басталады. Мәжілісте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев тиісті жобаны таныстырды. Инициатива Халықаралық қайта құру және даму банкімен (Дүниежүзілік банк) арадағы келісімді ратификациялауды көздейді.

Біздің мақсат қарапайым, бірақ талабы зор: интернет әр ауылда, әр үйде болуы керек. Бұл тек магистральді желі тарту емес, нақты тұтынушыға дейін интернет жеткізу мәселесі, – деді Жаслан Мәдиев.

Жоба туралы не белгілі?

Жалпы бюджеті – 84 млрд теңге;

Қаржыландырудың жартысы – нарық есебінен, жартысы – жеңілдетілген сыртқы несие (Дүниежүзілік банк);

Байланыс операторларына арналған субсидия көлемі – 250 млн теңгеге дейін;

Қатысу үшін талап: кемінде 350 абоненті бар және тұрақты көрсеткіштерге ие операторлар ғана жобаға жіберіледі.

Мақсат – әр үйге интернет жеткізу

Жоба аясында 2027 жылға дейін 1 123 ауыл интернетпен қамтылып, 2,3 миллионнан астам тұрғынға цифрлық қызмет қолжетімді болады.

Сонымен қатар:

1 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады;

Шағын бизнеске серпін беріледі;

Бюджетке 2 млрд теңгеден астам салық түседі деп жоспарлануда.

Қазір Қазақстанда 6 256 ауыл бар. Олардың:

2 606-сы оптикамен қамтылған;

3 039 ауылға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында талшықты интернет тартылып жатыр;

Ал шамамен 1 900 ауылда оптика тек шет аймақтарға дейін жеткізілген. Жаңа бастама осы ауылдарға бағытталған.

Шалғай ауылдарға – спутниктік шешім

Оптиканы тарту қиын өңірлер үшін баламалы технологиялар қарастырылған. Бұл – шалғайдағы мектептерге, пойыздарға және кішігірім елдімекендерге спутниктік байланыс орнату арқылы жүзеге асады.

Еске салайық, бұған дейін Жаслан Мәдиев 1 млн қазақстандыққа ЖИ қолдануды үйрететінін айтқан.