Саммит аясындағы агроөнеркәсіптік әріптестік тек экономикалық пайда әкеліп қана қоймай, өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін, экологиялық тұрақтылықты және ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
ERNUR.KZ. Елордада "Орталық Азия – Қытай" саммиті өтіп жатыр. Бұл жиын еліміздегі ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешеніндегі бірнеше жобалардың жүзеге асуына ықпалын тигізеді, деп жазады baq.kz.
Саммит аясындағы агроөнеркәсіптік әріптестік тек экономикалық пайда әкеліп қана қоймай, өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін, экологиялық тұрақтылықты және ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар диалог алаңы. Бұл саммит өңір елдерінің өндірістік, технологиялық және аграрлық әлеуетін біріктіріп, нақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Шара аясында қол қойылған құжаттар еліміздің агроөнеркәсіптік кешені үшін тарихи мәнге ие. Атап айтқанда, Жамбыл, Түркістан және Ақмола облыстарында жүгері, мақта және астықты терең өңдеуге бағытталған ірі жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Жалпы құны миллиардтаған АҚШ долларын құрайтын бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін жоғары қосылған құнмен өңдеуге, экспорттық әлеуетті арттыруға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді, - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Оның айтуынша, жаңа технологиялар мен білім трансфері жүзеге асырылады. Мыңдаған жұмыс орны ашылады. Жергілікті фермерлермен ұзақмерзімді келісімшарттар жасалып, тұрақты өткізу нарығы қалыптасады. Бұл – ауылдық аумақтарда экономикалық белсенділікті арттыруға нақты серпін береді.
Ауыл шаруашылығын индустрияландыру, өнімді терең өңдеу және ішкі өндірістің бәсекеге қабілеттілігін күшейту – министрліктің басты басымдықтарының бірі. Қазақстан мен Қытай арасындағы агроөнеркәсіптік ынтымақтастық өзара сенім мен тиімділікке негізделген. Министрлік осы жобалардың толыққанды әрі тиімді жүзеге асуына қажетті барлық қолдауды көрсетеді.Бұл шара – еліміздің агроиндустриясын жаңа сапалық деңгейге көтеретін маңызды әрі жүйелі қадам, - деді ол.