Атыраудағы бүтін бір отбасы өлімі: Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

0
75

Сұлтан Сәрсемалиев пен оның бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиева былтыр Индонезияның Ломбок аралындағы Сенару ауылында ұсталғаннан кейін екеуіне де «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған еді.


Атыраудағы бүтін бір отбасы өлімі: Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Видеодан алынған кадр

ERNUR.KZ. Бүтін бір отбасының өліміне кінәлі деген күдікпен сотта жауап беріп жатқан Сұлтан Сарсемалиевтің бұрынғы әйелі, марқұмдардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Мұны Атырау облыстық прокуратурасы оның қанды қылмысты жасырғаны дәлелденбегенімен байланыстырады, деп жазады inform.kz.

Облыс прокурорының көмекшісі Айсұлу Сүлейменнің мәліметінше, тергеу барысында Ақбаян Мұқанғалиеваның бұрынғы күйеуі Сұлтан Сәрсемалиевтің жасаған қылмысын жасырды деген күдікті растайтын жеткілікті дәлелдер анықталмаған.

Еске салайық, Сұлтан Сәрсемалиев пен оның бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиева былтыр Индонезияның Ломбок аралындағы Сенару ауылында ұсталғаннан кейін екеуіне де «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған еді.

Кейін тергеу барысында Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты адам өлтіру айыбы қылмыс құрамының болмауына байланысты алынып тасталды.

Дегенмен құқық қорғау органдары оның бұрынғы жұбайының аса ауыр қылмысын жасырған болуы мүмкін деген күдікпен істі бөлек өндіріске бөліп, тергеуді жалғастырған еді. Қазір бұл іс те тоқтатылды.

Прокуратура ақпаратына сүйенсек, Алматыда жүргізілген стационарлық кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, Ақбаян Мұқанғалиеваға динамикалық бақылау жүргізу және қосымша дифференциалдық диагностика қажет деп танылған. Қазіргі уақытта ол тиісті ем қабылдап жатыр.

Айта кетейік, Сұлтан Сарсемалиевке қатысты сот процесіне нүкте қойылуға жақын. Алғашында 7 шілдеге жоспарланған жарыссөз сот ғимаратында жарықтың болмауына байланысты 9 шілде 11:00-ге жоспарланып отыр.