Сотталушы жәбірленуші тараптың әрқайсысына 10 млн теңгеден моральдық шығын төлеген.
фото:Sputnik / Айсулу Жумагулова
ERNUR.KZ. Атырау қаласындағы "Жеңіс" саябағында 6 жасар қыздың үстіне ескерткіш құлап кетті. Бір жылдан кейін кінәлі мамандарға сот үкімі шықты, деп жазады sputnik.kz.
Жауапты маманға "Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету" бойынша іс қозғалды.
Әкімдік демеушілер мен мердігерлерді Ұлы Отан Соғысының ардагерлеріне арналған 14 мүсін дайындау жұмысына тартқан. Сотталушы мердігер бола тұра, мүсіндерді дайындау барысында құрылыс нормаларын бұзып, нәтижесінде мүсіндердің біреуі екі жасөспірім баланың және олардың әкесінің үстіне құлаған. Оқиғаның салдарынан бір бала қайтыс болып, қалғандары орташа дене жарақатын алған.
"Сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, оған сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Рақымшылық жасау актісі негізінде бас бостандығынан айыру мерзімінің жартысы қысқартылды", - дейді Атырау облыстық соты.
Сотталушы жәбірленуші тараптың әрқайсысына моральдық зиян ретінде 10 млн теңгеден, сондай-ақ емделуге жұмсалған шығынын төлеген.
Еске сала кетейік, былтыр маусым айында Атырау қаласындағы "Жеңіс" саябағында 6 жасар қыздың үстіне ескерткіш құлап кетті. Ауыр ескерткіш үш адамды бірдей басып қалған. Бір бала қайтыс болып, екі адам жарақат алды.