Атырауда әскерилер қаржылық пирамиданы басқарған

0
92

Келісімшарт бойынша қызмет ететін сержанттар өзін америкалық Harmony Rider Technology (HRT) компаниясының өкілімін деп таныстырып, азаматтарды “көп табысың” деп алдап, бизнеске тартқан.


Атырауда әскерилер қаржылық пирамиданы басқарған

Фото: e-katalog

ERNUR.KZ. Атырау тұрғындары алаяқтарға алданып, пирамидаға 55 миллион теңгеден астам қаражат салған, деп жазады stan.kz.

Келісімшарт бойынша қызмет ететін сержанттар өзін америкалық Harmony Rider Technology (HRT) компаниясының өкілімін деп таныстырып, азаматтарды “көп табысың” деп алдап, бизнеске тартқан.

“HRT пирамидасы тоғыз деңгейден тұратын көпсатылы инвестициялық жүйе ретінде құрылып, әр деңгейде белгілі бір USDT криптовалютасында қаражат салу қажет болған. Салымшының осы қаражат үшін Еуропа мен АҚШ елдерінде электр самокаттарды жалға беру процесін онлайн бақылауға мүмкіндігі болған. Минималды салым сомасы 350 доллар болса, ең жоғарғы 9-шы деңгейдегі салым 35 мың долларға жеткен”, – делінген қылмыстық іс материалдарында.

Мысалы, пирамиданың қатысушысы 350 доллар салса, ол алты самокатты басқару мүмкіндігі бар деп есептеліп, күніне 12 доллар табыс алады деп көрсетілген. Табыс пайдаланушының жеке кабинетіне күн сайын есептеліп, оны OKX криптовалюталық биржасы арқылы шығарып алған. HRT салымшыларын тіркеу www.harmony-rider.com платформасы арқылы жүргізілген. Сайт 2024 жылғы желтоқсаннан бері жұмыс істемейді. Алайда, HRT мен салымшылар арасында ешқандай келісімшарт жасалмаған.

HRT қызметі самокаттарды жалға берумен айналыспайды. Салымшыларға төлемдер тек жаңа қатысушылардан түскен қаражат есебінен жүргізілген.

HRT пирамидасы елдің алты өңірінде жұмыс істеген:

  • Алматы облысы;
  • Атырау облысы;
  • Жамбыл облысы;
  • Қызылорда облысы;
  • Астана және Алматы қалаларында.

“Атыраудағы HRT ұйымының құрылымдық бөлімшесіне 21642 әскери бөліміне қарасты екі келісімшарт бойынша қызмет атқаратын сержант жетекшілік еткен. 2024 жылғы тамыздан желтоқсанға дейін Атырау облысының 69 тұрғыны қаржылық пирамиданың ішіне 55 миллион теңгеден астам қаражат салған. Ал әскери қызметшілер салымшылардың қаражаты есебінен 5,5 миллион теңге көлемінде бонустар алған”, – деді Қазақстан Әскери сотының судьясы Галия Алипанова.

Ақтөбе гарнизоны әскери сотының үкімімен сержанттар қылмыстық кодекстің 217-бабының 2-тармағы, 3-бөлімі (Алдын ала сөз байласу арқылы топ болып, қаржы (инвестициялық) пирамиданы құру және басқару, қаражат, мүлік немесе оған құқықтарды аса ірі көлемде тарту) бойынша кінәлі деп танылды. Олар 5 және 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енді. Сотталушылар зардап шеккендерге материалдық шығын толық өтеуге міндеттелді.