Бүгіннен бастап қазақстандықтар көліктеріне қалаған нөмірлерін таңдай алады.
Фото: Ақжайық
ERNUR.KZ. Демалыс аяқтала сала Атырау мен Ақтаудың мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында адам қарасы көбейді. Оған себеп – 1 қаңтардан бастап қазақстандықтар көлігіне қалаған нөмірлерін таңдай алады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Ақтау жаңалықтарын жазатын Lada.kz басылымы арнайы орталықтарға барып, халықтың кезегін видеоға түсіріп алған. Қалаған саны мен қалаған әріптерінен тұратын нөмірге ие болу үшін тұрғындар таңғы бестен бері кезекте тұрған көрінеді.
«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының аймақтық филиалы халық расымен де тиісті төлем жасап, өзіне ұнайтын нөмір алу үшін кезекте тұрғанын растаған. Мекеменің баспасөз қызметі Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары кезекке қарамай, штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
«Адам өзі таңдайтын сан бен әрібі бар мемлекеттік тіркеу нөмірінің бағасы 10 айлық есептік көрсеткіштен бастап 15 айлық есептік көрсеткіш аралығында болады. Ал, вип-нөмірлер бұрынғыдай басқа тариф бойынша сатылады», - деп жазады басылым.
Жалпы, ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, көліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлері тек заң аясында ғана беріледі.


