Сонымен қатар қайтыс болған асыраушы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болса, мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша төлем қарастырылған.
Фото: Еңбек министрлігі
ERNUR.KZ. 2026 жылғы қаңтардан бастап Астана қаласында асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері артты. Бұл туралы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы Асқар Аймағанбетов хабарлады, деп жазады inform.kz.
— Жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 10 пайызға өсуіне байланысты қайта есептелді. Төлем отбасындағы еңбекке қабілетсіз мүшелер мен балалар санына байланысты белгіленеді: бір бала немесе бір еңбекке қабілетсіз мүше – 46 783 теңге, екі бала – 86 447 теңге, үш бала – 114 415 теңге, төрт бала – 132 213 теңге, бес бала – 139 841 теңге, - деді Асқар Аймағанбетов.
Оның айтуынша, алты және одан да көп бала болған жағдайда жалпы жәрдемақы 152 553 теңге мөлшерінде есептеліп, отбасының барлық еңбекке қабілетсіз мүшелеріне тең үлеспен бөлінеді.
— Егер балалар ата-анасының екеуінен де айырылса, әр балаға ай сайын 78 311 теңге төленеді. Сонымен қатар еңбекке қабілетсіз отбасы мүшесіне 31 528 теңге қарастырылған. Бұл сома белгіленген шектен аспайды, - деді департамент басшысы.
Сонымен қатар қайтыс болған асыраушы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болса, мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша төлем қарастырылған.
— 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Астана қаласында асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем 4 285 адамға тағайындалды. Орташа төлем мөлшері 67 150 теңге, - деп толықтырды Асқар Аймағанбетов.
Айта кетейік, бұған дейін мүмкіндігі шектеулі балаларға төленетін жәрдемақының мөлшері артқаны хабарланған еді.


